​ҮНСІЗДІК РЕТРИТІ: сөйлеуге болмайтын саяхат, тіл қатпайтын турист

0
173

Көптеген адамдар ретритті жайлы демалыс немесе қызық тәжірибе ретінде ғана қабылдайды.


​ҮНСІЗДІК РЕТРИТІ: сөйлеуге болмайтын саяхат, тіл қатпайтын турист

фото: hotels.sletat.ru

Қазіргі қарбалас заманда «ретрит» сөзі екінің біріне жағады. Өйткені көз алдымызға шетел,теңіз, жағажай, йога жасап, жайбарақат демалу елестейді. Бірақ қазіргі уақытта ретрит бағдарламалары сан тарапта түрленіп келеді. Оған жай ғана дене демалысы емес, адамның өз ішкі әлеміне үңіліп, санасын қайта жүктеуге бағытталған арнайы практикалар жүйесі деп қарайды.


Ретриттің классикалық үлгісі – күнделікті күйбең тіршіліктен, ақпараттық шудан және гаджеттерден толықтай қол үзіп, табиғат аясында немесе арнайы орталықтарда оқшаулану. Бұл форматында адам белгілі бір уақыт аралығында медитациямен айналысып, рухани немесе психологиялық жаттығулар арқылы күзелістен арылуды көздейді.

Десе де, заман талабына сай бұл сала да дамып келеді. Адам санасын түбегейлі өзгертіп, жан дүниесіне қайта серпіліс беретін ең ерекше әрі әсерлі ретриттер жинағын ұсынамыз.


Үнсіздік ретриті – терең өзгеріс

Үнсіздік ретриті – Гоенка әдісі бойынша өткізілетін 10 күндік дәстүрлі Випассана курстары. Кез келген қарым-қатынасқа толық тыйым салынады. Сөйлесуге, басқа қатысушыларға қарауға, телефон қолдануға, кітап оқуға, жазуға, тіпті музыка тыңдауға болмайды. Нағыз үнсіздік ретриті 10 күнге созылады. Алғашқы 3-4 күнде миыңыз тыныштыққа қатты қарсыласады. Бірақ кейін қуатты менталды детокс басталады. Сіз өз ішкі үніңізді айқын естуді үйренесіз.

Випассана орталықтары бүкіл әлемде бар. Ең көп таңдау Таиландтың орман ішіндегі монастырларында және Үндістанда.


«Қараңғы» ретрит

Менталды тазарудың ең радикальды түрлерінің бірі. Қатысушылар бірнеше күннен бір аптаға дейін (кейде ұзағырақ) абсолютті қараңғылық пен тыныштықта болады. Ешқандай гаджеттер, жарық көздері мен визуалды тітіркендіргіштер болмайды. Тамақты қараңғыда әкеледі немесе сипалап жүріп табасыз.

Бұл ретриттің не әсері бар дерсіз? Көру тітіркендіргіштерінен ажыраған соң, ми көп мөлшерде мелатонин мен диметилтриптамин бөле бастайды. Бұл жүйке жүйесін қайта жүктейді. Осындай ретриттен соң мида терең түйсінулер ( инсайттар) туады. Тіпті, өз қалауы бойынша саналы түрде түс көруді тәжірибеден өткізгендер бар екен. Сондай-ақ бұл үрдіс адамның биологиялық сағатын (циркадтық ырғақты) толығымен қалпына келтіріп, ұйқының сапасын жақсартады.

Еуропа елдерінде, Балиде және Үндістанда «қараңғы» ретритті ұйымдастыратын арнайы орталықтар бар.


Жабайы табиғатта өмір үшін күрес

Бассейні бар жайлы отельдердің кері баламасы – сізді өмір сүруге ең қажетті аз ғана затпен жабайы табиғатқа, ну орманға немесе тауға апарып тастайтын сапарлар. Әсіресе тайгада (Сібір, Алтай), Канаданың жабайы ормандарында, Скандинавияда көп өткізіледі.

Ретриттің мұндай түрінде адам жайлы жағдайдан бас тартып, тұрмыс жағдайын өз қолымен ауырлатады. Ұйымдастырушы, нұсқаушылардың басшылығымен бұталардан баспана тұрғызуды, жеуге жарамды өсімдіктерді табуды және үйкеліс арқылы от жағуды, солайша өркениеттің игіліктерінсіз өмір сүруді үйренеді.

Нәтиесінде ішкі мазасыздық жоғалады. Қарапайым қажеттіліктермен бетпе-бет қалған кезде, барлық басқа проблемалар бірден кейінге ысырылады. Ал осы қажеттіліктерді қанағаттандыру арқылы өзіңізге деген сенімділік ұлғая түседі. Ретриттің мәні осы.


«Айқайлау клубтары» – ашу-ызаны шығару тренді

Соңғы уақытта АҚШ-та «айқайлау клубтары» деп аталатын жаңа бағыт қарқынды сұранысқа ие болуда. Жағымсыз эмоциялар мен жиналып қалған негативті сыртқа шығару үшін адамдар қазір мыңдаған доллар төлеуге дайын.

Бұл жай ғана айқайлап қайту емес, толыққанды психологиялық процесс. Қатысушылар табиғат аясына – орманға, тау бөктеріне, т.б. жиналады. Немесе топ болып шетелге сапарға аттанады. Бұл шара медитация, арнайы тыныс алу жаттығулары және ең бастысы — іштегі өкпе-реніш пен ашуды бар даусымен айқайлап сыртқа шығаруды қамтиды. Сеанс соңында психологпен бірге өткізген әсерлері мен ішкі күйін талқылайтын арнайы кездесу өтеді.


Цифрлық дәуірдің жаңа тренді – экстремалды демалыс

Соңғы жылдары әлем бойынша экстремалды, үнсіздік және цифрлық детокс ретриттеріне деген сұраныс бірнеше есе өсті. Бұл жай ғана сән немесе уақытша тренд емес, заманауи қоғамның қажеттілігі. Қазіргі адамдар күнделікті гаджеттердің шектен тыс көптігінен, әлеуметтік желілердің ақпараттық шуынан және тынымсыз қарбаластан қатты шаршаған. Өркениет игіліктерінен саналы түрде бас тарту бүгінгі күннің басты психологиялық трендтерінің біріне айналды.


Қандай дайындық керек?

Көптеген адамдар ретритті жайлы демалыс немесе қызық тәжірибе ретінде ғана қабылдайды. Бірақ шын мәнінде бұл үлкен ішкі жұмыс. Әсіресе жоғарыда айтылған айрықша әрі қатаң форматтағы ретриттерге барар алдында сананы «эмоционалдық сілкініске» дайындау қажет.

Ретриттің алғашқы күндерінде, сыртқы ақпарат пен шу тоқтаған сәтте, ми мен сана жанұшыра қарсыласа бастайды. Күнделікті күйбең тіршілік пен гаджеттердің көмегімен жасырып жүрген іштегі реніштер, көмескі мазасыздықтар мен шаршаулар кенеттен сыртқа ақтарыла бастауы мүмкін.

Алғашқы ауыр күндерді еңсергеннен кейін ғана шын мәніндегі жеңілдеу мен ішкі тыныштық орнайды. Сондықтан бұл жолдың физикалық және эмоционалды тұрғыдан шыдамдылықты талап ететінін сезініп барған жөн.

Дайындаған. Б. Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:

Жылына 106 миллион ЖОЛАУШЫ: әлемдегі ең ірі ӘУЕЖАЙлар

ҚАЗАҚСТАНда өтетін дәстүрлі ТУРИСТІК ФЕСТИВАЛЬдер