Медицина ғылымдарының докторы әрі профессор Анатолий Альтштейн жаңа жылға дейін коронавирустың жаңа штамы айтарлықтай қауіп төндірмейтінін жеткізді.
ERNUR.KZ. Ресейлік вирусолог Анатолий Альтштейн омикрон штамы жаңа жылға дейін кеңінен таралмайды деген пікірде. Сондай-ақ, профессор омикронмен бірге пандемия да аяқталатынын айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Медицина ғылымдарының докторы әрі профессор Анатолий Альтштейн жаңа жылға дейін коронавирустың жаңа штамы айтарлықтай қауіп төндірмейтінін жеткізді. Ғалымның пікірінше, вирус таралу үшін кем дегенде жарты жыл уақыт керек. Мәселен, коронавирустың дельта штамы туралы 2020 жылдың күзінде айтыла бастады. Ал аталған штам 2021 жылдың мамыр-шілде айларында бой көтерді. Сондай-ақ, Альтштейннің айтуынша, омикрон-штамы толық таралған соң коронвирус пандемиясы да аяқталады.
"Омикрон штамы бүкіл әлемге кеңінен таралса да, жеңіл-желпі өтеді. Қазіргіге қарағанда әлдеқайда жеңіл болмақ. Өйткені, омикрон коронавирустың ауыр түрлерін оятпайды. Бұл штамда көптеген мутация бар, сол себепті, оның геномы да тұрақсыз. Әзірге, аталған штамды жұқтырып, көз жұмғандар жоқ. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы да мұны растап отыр. Бұл ауруды науқастар жеңіл өткізеді", - дейді вирусолог.
Профессордың айтуынша, "омикрон" қауіпті "дельта штамды" ығыстыруы мүмкін. Бұл пандемияның қаупін азайтады. "Егер адамдардың қайтыс болуы жөнінен коронавирус тұмауға тең келсе, пандемия аяқталды деп есептейміз. Омикронмен бірге пандемия аяқталуы мүмкін", - деді Альтштейн.