Жас әйелдің мәйіті жалдамалы пәтерден табылған.
ERNUR.KZ. Тәжікстандағы Файзабад ауданының соты 25 жастағы Манора Абдуфаттохтың өлімін "суицид" деп атап, "өз-өзін өлтіруге жеткізу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады, деп жазады Азаттық.
Жас әйелдің 26 рет пышақ сұғылған мәйіті 22 маусым күні жалдамалы пәтерден табылған.
Файзабад ауданы прокуратурасындағы дереккөз Озодиге суицид туралы қорытынды сараптама нәтижесі бойынша жасалған деді. Оның сөзінше, өлім қылмыстық кодекстің 109-бабы 1-тармағы бойынша ("Өз-өзін өлтіру") бойынша тергеліп жатыр.
"Іс оқиға бойынша қозғалған. Егер кімде-кімнің оны өз-өзін өлтіруге дейін жеткізгені дәлелденсе, ол адам осы бап бойынша жазаға тартылады. Қазір күдіктілер бар, бірақ олардың ешқайсысына айып тағылған жоқ" деді дереккөз.
Өз-өзін өлтірді деген қорытынды марқұм туыстарының наразылығын тудырды. 17 шілде күні Тәжікстанның бас прокуратурасы мен ішкі істер министрлігіне жазған хатында олар істі әділ тергеуді сұрады.
Манораның әкесі Абдуфаттох Мисоков қызының өз-өзіне 26 мәрте пышақ сұққанына сенбейді. Ол өлімнің дұрыс тергелмей отырғанын, сараптаманы қайта өткізуді талап еткенін айтады. Оның сөзінше, пышақ іздері негізінен мойын тұсынан және қолынан байқалған.
"Адам өз-өзіне бір-екі мәрте пышақ сұққанда, үркіп қалып, тоқтай салады. Манораның қолы мен мойны тілінген, адам өз-өзін олай тіле алмайды. Мен тергеудің дұрыс өтуін талап етіп көптеген мекемеге арыздандым" дейді ол.
Істі Файзабад ауданының прокуратурасы мен полициясы тергеп жатыр. Олар әзірге оқиға туралы ресми мәлімдеме жасамады, 26 рет пышақ сұғылған өлімнің қалай суицид деп танылғанын түсіндірмеді.
Анасы Шарбону Манора суицид туралы ешқашан айтпады дейді. Оның сөзінше, қызы некеде бақытсыз болған, ал күйеуі "талақ" айтамын деп қорқыта берген.
Озоди тілшілері Манораның күйеуінің туыстарына хабарласып көрді, жауап болмады.
Манора күйеуінің үйінен кетіп, Файзабад ауданы орталығындағы шағын пәтерге орналасқан. Оқиға содан бірнеше күн өткен соң болған. Қайғылы жағдай болған сәтте үш бала пәтердің ас бөлмесінде отырған. Көршілер, ешқандай шу естімеген, бірақ сол күні пәтерге күйеуінің туыстары кіріп жатқанын көрген, олардың аты-жөнін полицияға берген.
Манора Файзабад тұрғынымен 2015 жылы тұрмыс құрған. Артында үш баласы қалды. Үлкені бесте, кішкентайы алты айлық.
Сарапшылардың сөзінше, Тәжікстанда әйелдердің өлімі мен суициді көбіне тұрмыстық зомбылық салдарынан болады.