​Ресей Қырыммен байланыстыратын ең ұзын көпір салды

0
1 381

Путин өз сөзінде «Іс бітті, Қырым енді ешқашан Украинаға қайта берілмейді», деді.


​Ресей Қырыммен байланыстыратын ең ұзын көпір салды

ERNUR.KZ

Ел басқаруына 18 жыл толған Владимир Путин 19 шақырымға созылған жаңа көпірдің ашылу салтанатына қатысты. Керченск бұғазына салынған көпір Ресейдің Краснодар аймағы мен Қырым жартылай аралын байланыстырады, деп жазады Baq.kz ақпарат агенттігі CNN басылымына сілтеме жасап.

Еуропадағы ең ұзын көпір деген атқа ие болған бұл құрылыс Украинадан 2014 жылы Ресейдің құрамына өткен Қырыммен тікелей байланыс жасауға мүмкіндік береді. Ресейлік БАҚ өкілдері бұл оқиғаны ерекшелеп, «Қырым мен Ресейдің материктік бөлігі біріккен тарихи сәт»,- деп жазды.

Ал шетелдік БАҚ болса, бұл көпір Ресейдің халықаралық изоляциялану оқиғасы деген хабар таратты. 2014 жылы ақпанда Ресей арнайы әскери қызметі күшпен Қырымды басып алды. Жасыл киімді әскерилер Ресейге тиесілі емес деп Кремль алғаш хабар таратқанымен, кейін өз әрекеттері екенін толықтай мойындады. Батыс Еуропа елдері осы себепті Ресейге экономикалық санкциялар енгізген болатын.

2016 жылы АҚШ-тағы президент сайлауына араласты деген айып тағылған соң, аталған экономикалық санкциялар тіпті күшейіп кетті.

РИА Новости ақпарат агенттігінің хабарлауынша, көлік-темір жол көпірінің құрылысы толық аяқталған соң, тәулігіне бұл көпір 40 мың вагон мен 14 миллион жолаушыға қызмет көрсетеді. Жылына 13 миллион тонна жүк тасымалданады.

Көпірдің құрылыс жұмыстары 2016 жылы ақпанда басталды. АҚШ Қаржы министрлігі осы жылы көпір құрылысын жүргізіп отырған 7 компанияға қарсы санкция жариялады.

Көпір құрылысын жүргізген компаниялардың негізгісі – «Стройгазмонтаж» фирмасы. Оның директоры Аркадий Ротенберг Путиннің жақын досы және дзюдодан спарринг-әріптесі болған. Ресей басшысымен байланыста болғаны үшін Ротенбергке АҚШ санкция енгізген. Аркадий Ротенбергтің туған ағасы Борис Сочиде өткізілген Қысқы Олимпиада ойындарында Путиннен 7 миллиард доллар алып, жоба жетекшісі болған. Ол да Вашингтон санкцияларына ілікті.

Ал өз кезегінде Путин ірі инфрақұрылыс жобаларын қолға алып, Ресейдің ұлттық беделін арттырмақшы. Былтырғы жылы ол Қиыр Шығыстағы табиғи ресурстарға бай аралмен байланыстыратын Сахалин көпірінің құрылысын бастаймыз деп уәде еткен. Ол Жапониядағы солтүстік Хоккайдо аралына дейін созылады деп күтілуде. Бұл жоспар жүзеге асса, Ресейдің экономикалық көрсеткіші арта түсері сөзсіз дейді сарапшылар.

«Корей темір жолы мен Транссібір магистралін біріктіру туралы Сеул және Пхеньямен келісім жасасақ, сондай-ақ Сахалин мен Хоккайдо аралдарын біріктіруге қол жеткізсек, яғни, осы аталған жерге көпір салсақ, ғаламдық деңгейдегі ірі жобалар жүзеге асар еді. Ол инфрақұрылыс, энергетика, жоғарғы технология саласында көптеген жетістіктерге жеткізеді», - деген болатын Путин былтырғы жылғы сөзінде.

Ал Қырым көпірінің ашылуы – тек қана символ ғана емес, экономикалық байланыстың артуын білдіретін шешім.

АҚШ және Еуропаның көптеген елдері Қырым аннексиясын қабылдамай, Ресейге қарсы санкциялар енгізді. Осы себепті де Ресей үшін жаңа ашылған Қырым көпірі патриоттық маңызы бар шара болып табылады.

Путин өз сөзінде «Іс бітті, Қырым енді ешқашан Украинаға қайта берілмейді», деді. Еске сала кетейік, осы жылы телевизиялық сұхбатында «Қырымды қайтаруға итермелейтін оқиға орын алуы мүмкін бе?» деген сауалға Путин: «ондай оқиға ешқашан болмайды», - деп жауап берді.