SWIFT 12 наурызда Еуропалық Одақтың санкциясына ұшыраған ресейлік банктерді халықаралық төлем жүйесінен ажырататынын растады.
ERNUR.KZ. Тиісті мәлімдеме бейсенбіде компанияның сайтында жарияланды, деп жазады ҚазАқпарат.
«Біз шектеуге түскен ресейлік жеті заңды тұлғаны (және олардың Ресейдегі белгіленген еншілес компанияларын) SWIFT жүйесінен ажыратамыз. ЕО-ның 2022 жылғы 2 наурыздағы ережесі бізден бұл кәсіпорындарды 2022 жылдың 12 наурызында ажыратуды талап етуде, біз мұны тиісінше жасаймыз», - делінген хабарламада.
Бұған дейін Еуроодақ VTB, Россия, «Открытие», Новикомбанк, Промсвязьбанк, Совкомбанк және ВЭБ.РФ сияқты жеті ресейлік банкті SWIFT халықаралық банкаралық төлем жүйесінен ажыратқан.
Еурокомиссия атап өткендей, Брюссель қажет болған жағдайда бұл тізімге жаңа банктерді қосуға дайын.
SWIFT – банкаралық төлемдерді аударудың халықаралық жүйесі.
Ол оның операторы болып табылатын осы аттас Дүниежүзілік банкаралық қаржылық телекоммуникация қоғамының құрметіне аталған.