Таиланд астанасының орталық көшесінде үлкен шұңқыр пайда болды

0
175

Үңірейген шұңқырға екі электр бағаны мен жол бойында тұрған полиция көлігі түсіп кеткені белгілі болды.


Таиланд астанасының орталық көшесінде үлкен шұңқыр пайда болды

Сурет: pixabay

ERNUR.KZ. Бангкоктың орталығындағы Ваджир ауруханасының маңында жолдың бір бөлігі опырылып түсіп, салдарынан 50 метр тереңдіктегі үлкен шұңқыр пайда болды, деп жазады zakon.kz.

Bangkok Post газетінің хабарлауынша, оқыс оқиға видеоға түсіп қалған, одан асфальт төсемнің бір мезетте жер астына гүмп етіп түскенін, электр бағандарының ауада салбырап қалғанын көруге болады. Көлік жүргізушілері дер кезінде шалт әрекет етіп, шұңқырға құламай қалады.

Үңірейген шұңқырға екі электр бағаны мен жол бойында тұрған полиция көлігі түсіп кеткені белгілі болды.

Басылым жергілікті биліктің жолдың іргелес учаскелеріндегі қозғалысты жедел реттеп, шектеу шараларын қабылдағанын атап өтеді. Медициналық мекеме науқастарды қабылдауды уақытша тоқтатып, жақын маңдағы ғимараттардан 3,5 мыңға жуық адам эвакуацияланған. Алдын ала келтірілген мәліметтерге сүйенсек, аурухана ғимаратына төтенше жағдай әсер етпеген.

Жолдың ортасына түсіп кетуіне не түрткі болғаны әлі анықталған жоқ. Мамандар оқиғаға қатысты тергеу шараларын жүргізуде.