Ташкентте Сардоба су қоймасының жарылуына қатысты іс бойынша сот басталды

0
1 776


Ташкентте Сардоба су қоймасының жарылуына қатысты іс бойынша сот басталды

ERNUR.KZ. Өзбекстанның Жоғарғы соты биыл 1 мамырда жарылған Сардоба су қоймасына қатысты істі қарай бастады. Қылмыстық іс аясында сегіз күдіктіге айып тағылған, деп жазады Азаттық.

21 желтоқсанда Ташкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі сот ғимаратында бұл сот процесі жабық өтіп жатыр. «Тупаланг» су арналарының басқарма басшысы Бахшулло Асадов және тағы жеті адамға айып тағылған.

Сотталушылардың бірінің адвокаты істің құпия сақталатынын, сол себепті сот отырысына айыпталушылардың туыстарын жібермегенін айтты.

Бұның алдында Сырдария облысындағы апатқа байланысты «қызмет бабын асыра пайдалану» және «қауіпсіздік ережелерін бұзу» баптары негізінде қылмыстық іс қозғалған.

6 қазанда Жемқорлықпен күрес жөніндегі агенттік директоры Акмал Бұрханов Сардоба су қоймасының жарылуына қатысты істе 17 күдікті бар екенін хабарлаған.

Олардың сегізіне қатысты істі Өзбекстан Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қарай бастады.

Дереккөз мәліметіне қарағанда, алғашқы сот отырысы 2,5 сағатқа созылды. Сот процесі жабық өтті.

Қылмыстық іс материалдарына қарағанда, Сардоба су қоймасының жарылуынан 45 млрд сум (4 млн 300 мың доллар) шығын келді. Қылмыстық істегі күдіктілер соның бір бөлігін ғана өтеді.

Соттың келесі отырысы 28 желтоқсанда өтеді. Сол кезде мемлекеттік айыптаушы айыптау қорытындысымен таныстырады.

2020 жылғы 1 мамырда Сардоба су қоймасының жарылуынан сол маңдағы шамамен 70 мың тұрғын эвакуацияланды. Қоймадан аққан су Қазақстанның оңтүстігіндегі бірнеше елді мекенді де басып қалды.