Қайғылы оқиғаның себептері мен барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Фото: Бейнежазбадан
ERNUR.KZ. Тәжікстандағы Душанбе-Куляб-Хорог тасжолында жүк көлігі мен екі жеңіл көлік соқтығысып, салдарынан 11 адам қаза тапты, деп жазады inbusiness.kz.
Басылымның Тәжікстан Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап жазуынша, ірі жол апаты 2 шілдеде таңғы уақытта Вахдат қаласына қарасты Элок ауылының тұсындағы автожолдың 32-шақырымында болған.
Алдын ала мәліметтер бойынша, қозғалыс барысында "Дулан" жүк көлігінің тежегіші істен шығып, осыдан кейін ол Opel Zafira және Toyota Prado көліктерімен соқтығысқан.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан оқиға орнында 11 адам қаза тапқан. Олардың арасында жүк көлігі мен жеңіл көліктердің бірінің жүргізушілері, сондай-ақ тоғыз жолаушы бар.
Оқиға орнына ішкі істер министрі, Мемлекеттік автомобиль инспекциясының басшысы, Вахдат қаласының прокуроры және басқа да лауазымды тұлғалар келген.


