Қонақтарға бағалар алдын ала хабарланады.
Сурет: depositphotos.com
ERNUR.KZ. Қазақстан қонақүйлерінде қызмет көрсетудің жаңа ережелері енгізіледі. Олар нөмірді брондау, қонақтарды орналастыру, тазалық, тамақтану және қауіпсіздік мәселелерін қамтиды. Жаңа талаптар туралы Сауда және интеграция министрлігі мәлімдеді. Ережелер 2027 жылғы 1 наурыздан бастап күшіне еніп, барлық санаттағы қонақүйде қолданылады, деп жаззады tengrinews.kz.
Қонақтарға бағалар алдын ала хабарланады
Брондар алдында қонақүй нөмірдің құны қанша, алдын ала төлем қажет пе және броньды алып тастауға бола ма деген сауалдарға жауап беруге тиіс. Қонақүй өтінішке 24 сағаттан кешіктірмей жауап беруі қажет.
Нөмір уақтылы дайындалуы керек
Қонақүй қонақтарды қай уақытта орналастырып, нөмірді қай уақытта босатуды талап ететінін өзі белгілейді. Алайда жаңа ережелерде қонақтарды сағат 14:00-ден кешіктірмей орналастырып, нөмірден шығатын уақытты 12:00-ден ерте белгілемеу ұсынылған.
Қонақ келген кезде нөмір әлі дайын болмаса, оған жүктерін сақтау орнын ұсынуы керек. Қонақ күтіп отырған кезде қонақүй қосымша қызмет те ұсынуға тиіс. Мысалы, шай беруі мүмкін.
Суды кез келген уақытта алуға болады
Ауызсу қонақтарға тәулік бойы қолжетімді болуы керек.
Рұқсатсыз нөмірге кіруге болмайды
Бос емес нөмірлерді күн сайын, бірақ қонақтардың келісімімен тазалау керек.
Есікте "Мазаламаңыз" деген тақтайша ілулі тұрса, қызметкер кейінірек келуге тиіс. Адам бөлмеде болса, алдымен жинауға рұқсат сұрау қажет.
Тағамның құрамын түсіндіреді
Баланың жаңғаққа аллергиясы болса, ата-анасы қызметкерлерден оған жеуге болатын қандай тағамдар бар екенін сұрай алады. Қызметкерлер тағамның құрамын айтып, асүйде қажет өнімдер болса, жаңғақсыз кемінде бір тағам ұсынуы керек.
Шағымға жауап берілуі керек
Қонаққа бірдеңе ұнамаса, ол ауызша немесе жазбаша шағымдана алады. Қонақүй шағымды тіркеп, мәселені шешу үшін не істелгенін хабарлауға тиіс.
Қауіпсіздік бойынша не өзгереді?
Қонақүйлерде қонақтарға еден ылғал екенін ескертіп, бассейннің тереңдігін көрсету және жақын маңда құтқарушы бар-жоғын хабарлау міндеттеледі.
Қонақүй қызметкерлері алғашқы көмек көрсетуді және жансақтау шараларын жасауды білуге тиіс. Бұдан бөлек, қонақүйлер өз жауапкершілігін сақтандыруға міндетті болады.
Жаңа ережелер қашан күшіне енеді?
Жаңа талаптар 2027 жылғы 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі. Ол кез келген санаттағы қонақүйлерге қатысты болады.
Бұл не үшін қажет?
Министрлік жаңа талаптар қонақүйдегі қызмет көрсету сапасын қонақ сонда болған барлық кезең ішінде бағалауға мүмкіндік береді деп есептейді.
"Қонақүй басшылары стандарт арқылы қызметкерлер мен мердігерлердің жұмысын бағалай алады. Құжат қызметкерлердің міндетін бөліп, олардың біліктілігін арттыруды жоспарлауға да көмектеседі. Кейбір талаптар гигиена мен тағам қауіпсіздігіне, ортақ аумақтардың тазалығына, жабдықтарға қызмет көрсетуге, іс-шаралар мен демалысты ұйымдастыруға қатысты", - деді Сауда және интеграция министрлігі өкілдері.


