Украинада вакцинаның екі дозасын алғандарға ақша төленеді

0
606

Украина кабинет министрлігінің Жарлығы бойынша әлеуметтік оңалту орталықтары, білім беру орындары, пошта, теміржол саласынының жұмысшылары міндетті түрде вакцина алуы тиіс.


Украинада вакцинаның екі дозасын алғандарға ақша төленеді

ERNUR.KZ. Украина президенті де вакцинаның қос дозасын алған әрбір азаматқа мың гривень төленетінін мәлімдеді. Сондай-ақ бұл елде COVID-ке қарсы екпе алмаған қызметкерді жұмыстан босатуға құқығы бар мемлекеттік мекемелердің саны артты, деп жазады 24.kz.


Украина кабинет министрлігінің Жарлығы бойынша әлеуметтік оңалту орталықтары, білім беру орындары, пошта, теміржол саласынының жұмысшылары міндетті түрде вакцина алуы тиіс. Өйтпеген күнде мемлекеттік мекеме басшысы немесе кәсіпорын жетекшісі қарамағындағы қызметкерін жұмыстан заң бойынша жалақысыз шеттете алады.

COVID-ке қарсы екпенің екі дозасын бүгінде Украинаның он млн тұрғыны алып үлгірген. Ал вакцина салдырмаған азаматтарды жұмыстан шеттетуге қатысты шешімге саяси сарапшылардың айтары бар. Олардың айтуынша, үкіметтің бұл қадамы кейбір талаптарға қарама-қайшы көрінеді.

"Үкіметтің мұндай жарлығы үшін мемлекеттің өзімен соттасатын адамдар саны артады деп ойлаймын. Өйткені Ата Заңның өзінде адам құқығы нақты жазылған. «Екпе алмаған» дегенді пайдаланып, адамды жалақысыз жұмыстан босатуға болмайды. Мұны мен өрескел заң бұзушылық деп түсінемін." - деді политтехнолог, сараптама және талдау орталығының басшысы, Андрей Бодров.

Денсаулық сақтау министрлігі ковид вирусын жұқтырып, жедел түрде емханаға жеткізілгендердің 90 процентке жуығында вакцина болмаған, деп дабыл қағып жатыр. Бұл ретте халықты ынталандыру үшін Ел Президенті Владимир Зеленский Үкіметтен екпенің екі дозасын алған әр азаматқа 1000 гривень, яғни 16 мың 153 теңге бөлінетінін мәлімдеді. Бұл мақсатқа жыл аяғына дейін қазынадан 110 млн доллар бөлінеді.


"Екпенің екі дозасын алған әрбір тұрғын мемлекеттен бөлінетін мың гривеньді алуға тапсырысты телефон қосымшасы арқылы рәсімдей алады. Бұл ақшаға спорт зал немесе фитнес-клубқа жазылу, кинотеатр, мұражай, концерт немесе көрме орталығына бару, ішкі әуе және теміржол көлігімен ел ішінде саяхаттауға билеттерді сатып алуға болады. Бағдарлама 19 желтоқсанда басталады. Оған жыл соңына дейін және келесі жылы да үш миллиард гривеньге жуық қаржы бөлуді қарастырдық." - дейді, Украина президенті, Владимир Зеленский.