Британдық Cornwall Wildlife Trust қайырымдылық ұйымы Корнуолл графтығындағы Лу аралының басқарушысы қызметіне маман іздеп жатыр.
ERNUR.KZ. Жаңа қызметкер қорық аумағындағы табиғатты қорғауға, қызметкерлер мен еріктілердің жұмысын үйлестіруге және келушілерді қабылдауды ұйымдастыруға жауапты болады, деп жазады stan.kz.
Ұйым бұл қызметке бір ғана үміткерді емес, жұмысты бөлісіп атқарғысы келетін екі адамды да қабылдауға дайын. Мысалы, ерлі-зайыптылар немесе достар бірге өтініш бере алады. Мұндай жағдайда жұмыс уақыты, міндеттері мен жалақысы жеке келісіледі.
Арал басқарушысының жылдық жалақысы 32 569-дан 39 923 фунт стерлинг (19 615 000-24 054 000 теңгеге дейін) аралығында. Қызметкерге аралдан баспана беріледі. Онда оның жұбайы немесе бірге тұратын серігі де тұра алады. Сонымен қатар икемді жұмыс кестесі, жылына 25-30 күн ақылы демалыс, психологиялық қолдау бағдарламасы және зейнетақы жоспары қарастырылған.
Үміткерлер түйіндемесін, ілеспе хатын және жұмысқа қабылдаудың бастапқы талаптары көрсетілген толтырылған сауалнаманы recruitment@cornwallwildlifetrust.org.uk электрондық поштасына жіберуі керек. Құжаттар 2026 жылғы 15 қарашаға дейін түнгі сағат 00:00-ге дейін қабылданады. Құжаттар толық болмаса, өтініш қаралмайды.
Сұхбаттың алғашқы кезеңі 30 қараша басталатын аптаға жоспарланған. Ал аралдың өзінде өтетін сұхбат желтоқсан айының басында ұйымдастырылады. Алайда мерзімдер өзгеруі мүмкін. Ұйым лайықты үміткер тапқан жағдайда вакансияны белгіленген уақыттан бұрын жабу құқығын өзіне қалдырады.
Бұған дейін Антарктидада пингвин санайтын қызметкерлер іздеген еді. Ұлыбританиядағы ұйым Антарктидадағы зерттеу станциясына қызметкерлер іздеп жатыр. Олар пингвиндерді бақылап, ұялары мен балапандарын санайды. Оған қоса туристерді қарсы алып, пошта бөлімшесінде жұмыс істейді. Жалақы айына 2 500 еуроға дейін (шамамен 1,27 миллион теңге) жетеді.


