Ресей президентін егу процедурасы өзге елдердегі саясаткерлерде сияқты көпшілікке көрсетілген жоқ.
ERNUR.KZ. Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин коронавирусқа қарсы вакцина салдырды, деп жазады ҚазАқпарат.
Президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ТАСС-қа мәлім еткендей, В. Путиннің жағдайы жақсы және 24 наурыз күні ол жұмысқа шығады.
«Путин корнавирусқа қарсы егілді. Өзін жақсы сезінуде. Ертең толық жұмыс күні болады», - деді Кремль өкілі.
Дегенмен, Кремльде Владимир Путин ресейлік үш вакцинаның қайсысын салдырғанын нақтыламады. Бұған дейін Д.Песков ел президенті салдыратын вакцинаның атауы әдейі аталмай отырғанын мәлім еткен еді. Себебі «ресейлік барлық үш вакцина да барынша сенімді әрі тиімді».
Ресей президентін егу процедурасы өзге елдердегі саясаткерлерде сияқты көпшілікке көрсетілген жоқ. Мұның себебін журналистерге Кремль өкілі түсіндірді: «Камера алдында вакциналауға келсек, оған (Путинге) бұл ұнамайды», - деді ол.
2020 жылдың 17 желтоқсанында Владимир Путин мүмкін болған сәтте-ақ ковидке қарсы вакциналанатынын айтқан еді. Ол кезде мамандардың жас бойынша шектеулерге құлақ асып отырғанын жеткізген болатын. Кейіннен президенттің баспасөз хатшысы Путинге коронавирусқа қарсы егілетін уақытты белгілеу оның уақытылы алып отыратын өзге вакциналарды салдырумен байланысты екенін түсіндірді. Ал бірнеше препаратты бір мезгілде алуға болмайды.