Бұл шешім Еуроодақ ішінде алаңдаушылық тудырған.
Ашық дереккөзден
ERNUR.KZ. Украина президенті Владимир Зеленский Еуроодақ елдерінің басшыларын биылғы 9 мамырда Киевке келуге ресми түрде шақырды. Бұл ұсынысты 14 сәуірде Люксембургте өткен кездесуде Украина сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Сибига ЕО елдерінің сыртқы істер министрлеріне жеткізді, деп жазады ulysmedia.kz.
Politico басылымының жазуынша, шақырудың негізгі мақсаты — «Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропада болған ең ірі агрессияға қарсы бірлік пен табандылықты көрсету».
Айта кетейік, дәл осы күні, яғни 9 мамырда Мәскеуде нацизмге қарсы жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад өтеді. Ресей бұл шараға бірқатар елдердің басшыларын шақырған, олардың ішінде Қытай, Үндістан, Бразилия, ТМД елдері (Қазақстанды қоса алғанда) бар. Сондай-ақ, Словакия мен Еуроодаққа үміткер Сербияның өкілдері де Мәскеуге баратыны айтылған.
Алайда бұл шешім Еуроодақ ішінде алаңдаушылық тудырған. ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас Еуроодақ елдерінің Мәскеудегі парадқа қатысуын құптамайтынын ашық мәлімдеді. Оның айтуынша, әсіресе ЕО-ға үміткер елдер тарапынан мұндай қадам жөнсіз әрі орынсыз. Каллас, керісінше, Еуроодақ басшыларын 9 мамырда Мәскеуге емес, Киевке баруға шақырды.
Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Киев билігі 9 мамырды Жеңіс күні ретінде тойлаудан бас тартып, бұл күнді Еуропа күні деп ресми түрде бекітті. Ал Жеңіс күнін еуропалық стандарттарға сай 8 мамырда атап өтетін болды. Бұл — Еуропаның көптеген елінде қабылданған күн.
Бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің көпшілігі, соның ішінде Қазақстан да, әлі күнге дейін 9 мамырды Жеңіс күні ретінде атап келеді. Ал Украинада бұл күн енді еуропалық бірліктің символына айналды. Соңғы жылдары 9 мамырда Киевке Еуроодақ өкілдері жиі келген. Мәселен, Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен де бұған дейін дәл осы күні Украина астанасында болған.