Ол — қысқа қашықтыққа ұшатын пилотсыз такси. Көліктің мұндай жаңа түрін жасаумен бірнеше алпауыт компания айналысуда. Әзірге, жобалау мен сынау үстінде.
иллюстрациялық сурет: ru.axar.az
Кептеліс жүйкеңізді жұқартып, жол жүруге көп уақыт жоғалтып жүрсіз бе? Бұл сіздің ғана емес, бүкіл әлемнің мәселесі. Адамзат енді аз шыдаса, жаңа технологияларды жобалаушылар мен жасаушылар шешімін табар күн жақын.
Асылында, шешім табылған. Ол — қысқа қашықтыққа ұшатын пилотсыз такси. Көліктің мұндай жаңа түрін жасаумен бірнеше алпауыт компания айналысуда. Әзірге, жобалау мен сынау үстінде.
Жуықта Airbus авиақұрылыс компаниясы аэротакси жобасы аясында бір адым алға аттаған болатын. Компания мамандары Vahana жобасы шеңберінде жасалған «Alpha One» пилотсыз таксиін алғаш рет көкке көтеріп, сынақ жұмыстарын жүргізді. Аппараттың ұшу биіктігі бар болғаны 4,9 метр, ал, әуеде қалықтау уақыты 53 секундты құрады. Бұл аз көрсеткіш болып көрінуі мүмкін. Дегенмен, құрылғының дербес режимде жұмыс жасап, барлық операцияны өздігінен жүзеге асырғанын ескерсек, жоғары баға беруге болады.
фото: www.ixbt.comКомпания аэротакси тестінің үш айға созылатынын мәлімдеді. Көліктің тік бағытта әуеге көтерілуі, көлденең бағытта қозғалыс жасауы, кедергілерден қорғану және айналып өтуі, қайта тік бағытта қонуы сынды функцияларын сынақтан өткізіп, жетілдіру жоспарланған.
Аздап артқа шегінейік... Әуе таксиі — дербес ұшуды жалпы халыққа қолжетімді ету және жол-көлік қозғалысын жеңілдету мақсатында туған идея. Осы концепцияны негізге ала отырып, Airbus компаниясынан құрылған Vahana тобы 2016 жылы «Alpha One» жобасын әзірлеген болатын. «Alpha One» — тік бағытта ұшып-қонуға қабілетті электрлі ұшақ. Бастапқы жоспар бойынша, ол бір жолаушы не аз мөлшердегі жүк тасымалдауға лайықталған.
Қазіргі таңда Airbus-тан бөлек, пилотсыз әуе таксиі нарығының алыптары болудан тағы бірнеше компания үмітті. Айталық, германдық Volocopter мен қытайлық Ehang та толыққанды аэротакси жобаларын сынақтан өткізу үстінде. Аталған барлық компания жобалары Біріккен Араб Әмірліктерінде, дәлірек айтсақ, Дубай қаласында қызмет етеді деп күтілуде. Көп ұзамай бізге де келер деп сенеміз.
Айгерім Мейірхан
ERNUR.KZ