Автомобиль қозғалтқышының нөмірі НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

0
505

Заңнама бойынша жол полициясы қозғалтқыш нөмірін тексермейді. Сондықтан көлік құралын тіркеу туралы куәлікке қозғалтқыш нөмірі енгізілмейді. Сонда автомобильдегі қозғалтқыш нөмірі не үшін қажет?


Автомобиль қозғалтқышының нөмірі НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

Кез–келген көлік құралының ең маңызды бөліктері қозғалтқыш, жақтау және корпуста жеке таңбасы болады. Қозғалтқыштың таңбасы оның жеке нөмірі болып саналады. Ол қондырғыда таңбаланады және техникалық құжаттамада жазылады. Ол қуат блогы туралы әртүрлі техникалық ақпаратты көрсетеді.


Қозғалтқыш нөмірін қалай табуға болады?

Қуат блогының таңбасын орналастыруда бірыңғай стандарт немесе норматив жоқ. Автокөлік өндірушісі өз ойларына сүйене отырып, таңбаның орнын өз бетінше таңдайды. Бірақ көбіне қозғалтқыштың негізгі бөлігі болып саналатын цилиндрлер блогы таңдалады.

Таңбаның орналасқан жері түрлі автомобиль маркаларында ғана емес, жеке автомобиль өндірушісінің модельдері арасында да әртүрлі болуы мүмкін. Жалпы, қозғалтқыш нөмірі ең жиі таңбаланатын орындар мыналар:

  • қуат блогы мен беріліс қорабы түйісетін жер;
  • газ тарату механизмінің белдік қаптамасы;
  • қабылдау коллекторы;
  • генератор шкивінің жаны;
  • май сүзгісінің асты;
  • май деңгейін тексеруге арналған «зондтың» асты;
  • доңғалақ доғалары (мысалы, Land Cruiser моделінде).


Қозғалтқыш нөмірі не үшін қажет?

Барлық автокөлік жүргізушілерінің ең бірінші және басты сұрағы – «көлік құралын есепке қою кезінде қозғалтқыш нөмірі қажет пе?» деген сауал. Заңнама бойынша жол полициясы қозғалтқыш нөмірін тексермейді. Сондықтан көлік құралын тіркеу туралы куәлікке қозғалтқыш нөмірі енгізілмейді. Сонда автомобильдегі қозғалтқыш нөмірі не үшін қажет?


Қуат блогындағы таңба кем дегенде екі жағдайда қажет. Олар:

Сервистік қызмет көрсету – қозғалтқыштың кодында құрылғы туралы барлық негізгі ақпарат шифрланған. Соған сүйене отырып номиналды қуатты, шығарылған жылын және ішкі жану қозғалтқышының сериясын ғана емес, нақты модификацияға сәйкес келетін бөлшектерді біле аласыз.

Көлік құралын сәйкестендіру – көлік құралын есепке қою кезінде қозғалтқыш таңбасы қажет емес, бірақ бірінші рет тіркеу кезінде керек болады. Яғни, жаңа көлікті тіркеу кезінде барлық маңызды агрегаттық нөмірлер жол полициясының мәліметтер базасына енгізіледі және олар техникалық жағынан өзара байланысты болады. Соның арқасында қандай да бір уақыт өткесін қозғалтқыштың коды бойынша оның «өмір жолын» бақылауға болады. Бұл әсіресе көлік ұрланған жағдайда өте маңызды. Себебі полицейлер барлық белгілерге, соның ішінде қуат блогының нөміріне қарап та іздейді.

Тағы бір нұсқа – ұрланған көлікте кузов нөмірі қолдан өзгертіледі, бірақ қозғалтқыш нөмірі назардан тыс қалып жатады. Сарапшылардың жалған шанақ кодын анықтуы қиын, сондықтан машинаны қуат блогының нөмірі бойынша тексереді. Ал қозғалтқыштың нөмірін толығымен жою немесе өзгерту мүмкін емес.


Қозғалтқыш нөмірін сақтау қаншалықты маңызды?

Бұрын қозғалтқыш көлік құралының ажырамас бөлігі болып саналатын және қуат блогының таңбасы міндетті түрде автомобиль құжаттамасына сәйкес келуі керек еді. Сонымен қатар, автокөлікті кез келген уақытта автоинспекция қызметкері тоқтатып, қозғалтқыш нөмірін техпаспорттағы дерекпен салыстыра алатын. Сәйкес келмеген жағдайда көлік айыппұл тұрағына қойылуы мүмкін болатын.

Ал бүгінгі таңда қозғалтқыш нөмірі бұрынғыдай маңызды емес. Соған қарамастан бұл нөмірді сақтау керек, сонда көлікті есепке алу кезінде кейбір қиындықтарға тап болмайсыз.

Егер қуат блогының нөмірі оқи алмайтын жағдайда болса, оны қандай да бір құралдармен өзіңіз тазартуға тырыспаңыз. Себебі мұндай әрекет арқылы таңбаларды толығымен жойып жіберуіңіз мүмкін.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДА... Қай көлік 400 км/сағ жылдамдықты БІРІНШІ БАҒЫНДЫРҒАН?


Құны – 1 МЛРД ДОЛЛАР! Башар Асадтың гаражынан ҚАНДАЙ КӨЛІКТЕР табылды?