Қандай көліктер жолаушы өміріне қауіп төндіреді?
Автокөліктің негізгі қызметтерінің бірі – жолаушының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Алайда, кей көліктер бұл қызметін ойдағыдай атқара алмай жатады. Мамандар түрлі үлгілерді сараптай отырып, жол-көлік оқиғасына жиі ұшырататын көліктер сегіздігін жариялады.
Yugo GV
Аалған көлік өткен ғасырдың 80-жылдарынан шығарыла бастаған. 90-жылдарға дейін ең танымал, ең өтімді көліктер қатарынан табылды. Басты артықшылығы – қолжетімді баға, жанармайды аз жейтіндігі және жинақы дизайны еді.
Әйткенмен, осындай ұтымдылығына қызығып сатып алушылардың басым көпшілігі «арзанның сорпасы татымастығына» әбден көз жеткізген сыңайлы. Жаңа автокөлікпен қоса, көптеген проблемаларды да сатып алғанын кейін біліп, бармақ тістегендер көп. Оларға көліктің электрлік сымдарымен, қауіпсіздік белдігімен, әлсіз қозғалтқышпен алысуға тура келді. Дәл осы бөлшектердің өз қызметін дұрыс атқармауынан жол-көлік оқиғасына жиі ұшырады.
Nissan Sentra
IIHS зерттеу институты қауіпсіздікті қорғай алмайтын көліктер қатарына Nissan Sentra-ны да жатқызды. Асылында, бұл – отбасылық авто. Соған сәйкес, оны жобалауда, құрастыруда жолаушылар қауіпсіздігі екі есе артық қарастырылуға тиіс еді. Әйтсе де, статистика осы үлгідегі әр миллион көліктің жүзі апатқа ұшырап, адам өліміне әкелгенін көрсетеді. Зерттеушілердің айтуынша, бұған себеп – жүргізушіге арналған орынның тым тар болуы. Жүргізуші көлікті айдау кезінде еркін қозғала алмағандықтан, көбіне апатты жағдайлар орын алады екен.
Ford Explorer (1995 жылғы)
Аты аңызға айналған Ford автоконцернін сәтсіздікке ұшыратқан өнім. Құрастырылып, қолданысқа шығарылғаннан бастап-ақ өндірушілер оның төзімділігіне күмән келтіре бастады. Сөйтіп, сатылымға түспей тұрып қосымша зерттеу жұмысы басталды. Нәтижесінде көлік доңғалақтарының ілмесінде үлкен мәселе бары анықталды.
Әлбетте, осындай олқылықтан соң Ford автоконцерні дереу аталған үлгінің құрастырылуын да, сатылымын да тоқтатты. Әйткенмен, осыған дейінгі кеткен шығынның орнын толтыру мүмкін болмайтын еді. Сондықтан, көліктің дөңгелектерін ауыстырып, көп ұзамай қайта нарыққа шығарды. Бірақ, бәрібір Ford Explorer-дің басқа да бөлшектері сапасыз болғандықтан, сенімсіз көлік болып қала берді.
Nissan Titan
Кез келген жол таңдамайтын көліктің кең салонында отырсаң, өзіңді қауіпсіз де сенімді сезінетінің бар. Шын мәнісінде жүргізуші мен жолаушының қауіпсіздігін «діңкиген» көліктің бәрі бірдей қамтамасыз ете бермейді. Бұған Nissan Titan үлгісін мысал етуге болады.
Аталған көлік көбіне бұрылыс жасағанда аударылып кетіп жатады екен. Оған қоса, жоғарғы бөлік, яғни, шатыры да төзімді емес көрінеді.
Audi 5000
Audi автоконцерні басшылығы бұл үлгінің «коммерциялық катастрофа» болғанын айтқан болатын. Бұған кінәлілердің де сырттан келмегенін, айып өздерінен екенін, аталған үлгіні жобалау барысында сападан көрі пайданы көбірек көздегенін өкінішпен мойындады.
Audi 5000-ның алғашқы сериясы нарыққа 1983 жылы шықты. Шыға сала авто әлемінде нағыз сенсация болды. Алайда, бұл атақ та, абырой да көпке созылмады. Айналасы бір-екі жылдың ішінде осы сериядағы автолармен жеті жүзден астам жол апаты орын алды. Олардың басым көпшілігі кісі өліміне соқтырып, көпшіліктің көңілін қалдырды.
Артынша арнайы зерттеу жұмыстары басталып, Audi 5000-ның ілінісу тетіктеріндегі және бос жүріс кезіндегі ақаулары анықталды. Осыдан кейін автоконцерн оны қайта жөндеу-жетілдіруге ниет танытпапты. Бар болғаны 1987 жылы Audi 5000 өндірісін тоқтатты.
Dodge Challenger
Көпшілікке кеңінен танымал болмаса да, нағыз әуесқой автомобильшілер арасында Dodge-нің беделі зор болды. Автоқұмарлар осы компания көліктерінің нарыққа қайта келуін ұзақ күтті. Алайда күткен үміт ақталды деуге келмес. Dodge Challenger атауымен шыққан темір тұлпар жүргізуші мен жолаушы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ақсайтынын тестілеу кезінде-ақ көрсеткен еді. Миллион көліктің 80-нен астамы адам өлімімен аяқталған апатты жағдайға душар етті.
Toyota Yaris (бірінші лек)
Жанармай бағасының шарықтауы нарықта шағын әрі үнемді көліктерге деген қажеттілікті арттырды. Алайда, мұндай талаптарға жауап беретін көліктердің қауіпсіздік жағы кемшін түсетіні бар.
Айталық, жанармай үнемін бірінші орынға қоя отырып жобалаған Toyota Yaris-тің алғашқы легі көптеген кемшіліктерін тестілеу кезінде-ақ көрсетіп қойды. Ұзақ уақыт бойы жетілдіру жұмыстарымен айналысқан инженерлер еңбегінің арқасында аталған марканың үшінші легін біршама қауіпсіз, сенімді ете алды.
Kia Soul
Kia Soul көлігінің нақты 2009-2014 жылдар аралығында шыққан сериясы сөз еткелі отырмыз. Бұл темір тұлпардың қауіпсіз еместігі жайында көп жазылды, айтылды да. Краш-тестен өтпей, құлаған көліктердің бірі. Басқа автокөлікпен соқтығысқан жағдайда шанағы (кузов) шелпекше мыжылып, жолаушы мен пассажирге жан тапсырудан басқа жол қалдырмайды. Сондай-ақ, ептілігі мен жылдамдығына да жоғары баға беру қиын. Есесіне, кілт бұрылыс кезінде аударылу қаупі жоғары.
Әрине, темірдің аты – темір. Бұзылады, сынады. Сондықтан, көлік тізгінінде отырғанда жылдамдық пен жайлылықтан көрі сақтықты бірінші орынға қойған абзал.
Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
САЛОННАН КӨЛІК аларда сауда жасаудың ҚҰПИЯЛАРЫ