Көптеген жүргізушілер көлікті тек қана қыс мезгіліне дайындап, күзде еш қамсыз жүре береді.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Басым бөлігі жауын-шашынмен өтіп, кейбір аймақтарда соңы қарға ұласатын бұл маусым көліктің кейбір бөліктерінің мұқият дайындалуын талап етеді. Ал, ол жерлер дайын болмаса, қиын жағдайларға тап болуыңыз әбден мүмкін. Сондықтан, «тұлпарыңыздың» мына бөліктеріне көңіл бөліңіз.
Қозғалыс кезінде жолды анық көру үшін
Күзде күн ерте батады және жауын-шашын жиілейді, демек жолды көру нашарлайды деген сөз. Ал, көлігіңіздің әйнектерін, әсіресе алдыңғысын дұрыстап тазалап қоймасаңыз, қарсы келе жатқан көліктер мен шамдардың жарығы шағылысып, Сіздің жолды анық көруіңізге теріс әсер етеді. Сол себепті, әйнектерді аптасына 1-2 рет «Лобовик» немесе «Антидождь» сияқты арнайы ерітіндімен жуып-тазалап тұру керек.
Сондай-ақ, әйнек тазалағыш щеткалардың жағдайын тексеріңіз. Суды дұрыс сүртпей немесе шыныда дақ қалып жатса, олардың тоза бастағаны. Мұндай щеткалармен жаңбырлы ауа райында жүру жағымсыз, тіпті өте қауіпті жағдайларға соқтыруы мүмкін. Сондықтан, нашар жұмыс істейтін сүрткіштерді ауыстыруға кеңес береміз.
Көлік едені дымқылданып қала ма?
Жауын-шашын кезіндегі тағы бір мәселе – есік-әйнектің тығыздағыш резеңкелерінің тозуынан еденнің дымқылдануы. Ал, ол жағдай кілемшелердің тозуына, жағымсыз иістің пайда болуына және салон бөліктерінің тот басуына әкеліп соқтырады. Сондықтан, резеңке тығыздағыштардың жағдайын бір тексеріп қойыңыз.
"Кузов" шірімесін десеңіз...
Жаз мезгілінде көп айдалған көліктің кузовында сызаттар пайда болуы мүмкін. Сондықтан, көліктің сыртын мұқият қарап шығып, бояу жабынына келген зақымдарды түзеу керек. Әйтпесе, күзгі ауаның жоғары ылғалдылығының әсерінен көлігіңіз металл коррозиясына ұшырайды. Ондай сызаттарды арнайы қарындаш немесе бояумен өңдеуге болады.
Сонымен қатар, жаңбыр әсерінен пайда болған лай-балшық та бояу жабынына кері әсер етеді. Ал, бұл мәселеден сақтану үшін кузовты балауызбен бояп қоюға болады.
Аккумулятор және электр сымын тексеру
Тіпті, жөндейтін бөліктердің жоспарында болмаса да, жоғары вольтты сымдардың қабығының бүтіндігіне көз жеткізіп алған дұрыс. Егер, оларда жарықтар немесе зақымданулар болса, тұйықталып, от шықпай тұрып ауыстырып тастаңыз.
Сонымен қатар, күздің түндері суықтай бастағанда аккумулятордың қалай жұмыс істейтінін өзіңіз немесе мамандарға апарып тексеріп алыңыз. Егер, ол тоза бастағанын білсеңіз жаңасына ауыстырған абзал.
Дөңгелекті тексеріп тұру керек
Көлік дөңгелектерінің жай-күйін жыл бойы бақылап тұратынымыз белгілі, бірақ күзде оны жиі тексеріп тұру керек. Себебі, күндізгі және түнгі температураның күрт ауытқуы шинадағы қысымның азайыпкетуіне әкеледі. Сондай-ақ, шамаңыз жетіп тұрса жаздық шиналарды күздікке ауыстырып алыңыз.
Сонымен қатар, дискілерге зақым келген болса, оларды ұқсас түсті лакпен бояп қою қажет. Әйтпесе, «табақтар» күзгі ауа райында коррозияға ұшырауы мүмкін.
Көлік жүргізу стилін өзгертіңіз
Бұл кеңесті ескергеніңіз жөн, себебі жүргізуші үшін күз мезгілі өз қиындықтарымен келеді. Атап айтсақ, жауын-шашын, температураның төмендеуі және жол жабынының дымқыл болуы жол қозғалысына теріс әсер етеді. Ал, қиын жағдайларға тап болғыңыз келмесе, көлік жүргізу стилін ауыстырып, жылдамдықты шамадан тыс көтеруден және оқыс маневрлер жасаудан бас тартыңыз.
Жарықтандыру құралдары
Фараларды дайындау күзгі ылғалдылықтың жоғары деңгейімен байланысты. Өйткені, ылғал әсерінен тозған фаралардың контактілері тотығып, жанып кетуіне себеп болады. Ал, корпусына су кіріп кетпес үшін тозған болса герметикалық тығыздағыштарын ауыстыру керек.
Сонымен қатар, күзде жиі тұман түсіп, нөсер көп болатындықтан және қарсы келе жатқан көлікке кедергі келтірмес үшін жарықтандыру құралдарының жарық шашу деңгейін реттеп қойыңыз.
Әйнектің булануы
Күздегі жаңбырлы ауа райында әйнектердің булануы жиі орын алады және ол жолды көруге айтарлықтай кедергі келтіреді. Ал, бұл мәселеден құтылу үшін булануға қарсы арнайы сұйықтықтырды (антизапотеватель) қолдануға болады.
Осы кеңестерді есте сақтап, іс жүзінде қолдану арқылы өз қауіпсіздігіңізді қамтамасыз ете аласыз!
Дайындаған: Б.Ерман,
Тағы оқыңыз:
Автокөлік әлеміндегі ӨТЕ ҚЫЗЫҚТЫ деректер