Мамандар жануар тістегенде, тырнағанда немесе олардың сілекейі теріге түскен кез-келген жағдайда, тез арада дәрігерге қаралуға және тағайындалған екпе кестесін қатаң сақтауға шақырады.
Фото: madarabeauty.ru
ERNUR.KZ. Зардап шеккен әйел мысық тістегеннен кейін құтырма ауруына шалдығып, қаза тапқан. Облыстық санитарлық — эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, әйел уақытында медициналық көмекке жүгінбеген, деп жазады inbusiness.kz.
Департаменттің мәліметінше, облыста жыл басынан бері жануарлар тістеген 1300-ден астам жағдай тіркелген. Тоғыз айдың ішінде құтырмаға қарсы вакцина алуға — 1351 адам жүгінген. Оның 52 пайызын балалар, 4,4 пайызын жасөспірімдер, ал 43,4 пайызын ересектер құрайды.
— Көп жағдайда шабуыл жасаушылар — иттер (барлық жағдайдың 64,7 пайызы), ал мысықтардың үлесі — 34,1 пайыз. Иттердің тістеуінен 823 адам, мысықтардың тістеуінен 461 адам, басқа жануарлардың тістеуінен 67 адам зардап шекті, — делінген хабарламада.
Құтырма ауруына қарсы вакцинаны 801 адам алған, ал 544 науқасқа жарақаттың ауырлығы мен орналасуына қарай жұқтыру қаупі жоғары болған жағдайда қолданылатын иммуноглобулин егілген.
                        
                        
                    
