Тек "пысықтар" ғана КӨЛІКТІ ҚЫСҚА осылай дайындайды

0
2 517

Ал "жалқау" жүргізушілер қатал мезгілден "таяқ жеуі" әбден мүмкін...


Тек

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Қыс мезгілінде жолда қиын жағдайларға тап болмау үшін автокөлікті дайындап алу керек. Ал, дайындықты қалай жүргізу керек екенін және тәжірибелі автоәуесқойлардың ұсыныстары мен құнды кеңестерін Сіздер үшін ұсынамыз.


Көлікті қысқа дайындау

Бұл – автокөліктің техникалық жағдайын тексеру, қозғалтқышқа диагностика жүргізу және бірқатар дайындық іс-шараларын жасау.


Доңғалақтар

Ең алдымен, автокөлікті қысқа дайындау шиналарын ауыстырудан басталады. Алғашқы аяздың «қаһарына» ұшырап қалмау және «шиномонтаждарда» ұзын сонар кезекке тап болмау үшін оны алдын ала жасаған дұрыс. Яғни, жаздық шинаны қыстыққа ауыстыру қажет, оның үстіне қазір қыстық дөңгелексіз жүрген жүргізушілерге қатаң заң қабылданды.

Сондай-ақ, шиналарды ауыстырар алдында оның жарықшақтары болмауына және тозудың басқа да іздеріне мұқият қарау керек. Егер, олар "жақсы жағдайда» болмаса, жаңасын сатып алуға тырысқан абзал.


Аккумулятор

Автокөліктегі аккумулятордың жағдайы да қысқы аязда маңызды рөл атқарады. Сондықтан, суық мезгілде көлік оталмай қалмауы үшін қуат көзінің кернеуін өлшеп, электролиттің жеткілікті екеніне көз жеткізу және сымдар мен клеммаларды мұқият тексеру қажет. Қажет болған жағдайда, сенімді болу үшін ескі аккумулятордың орнына жаңасын алыңыз.


Қозғалтқыш майы

Көлікті қысқа дайындаудың келесі кезеңі – қозғалтқыш майын тексеру. Себебі ол төмен температурада тоңазып қалып, қозғалтқыш дұрыс жұмыс істемей қалуы мүмкін. Ал, ешқандай мәселе туындамас үшін ескі майды климаттық жағдайларға сәйкес майға ауыстырыңыз.


Технологиялық сұйықтықтар

Антифриз – көлік қозғалтқышын жазда қызып кетуден ғана емес, қыста қатып қалудан да қорғайды. Оның үстіне аталған сұйықтықты жиі ауыстыру қажет емес, кемінде 50 мың шақырымға шыдайды.

Бензин – жылдың салқын мезгіліндегі құбылмалы температура бос бактың қабырғаларында конденсаттың пайда болуына әкеліп, соның салдарынан отын жүйесіне су түсуі мүмкін. Бұл біршама мәселе тудыратындықтан, мүмкіндігінше бакқа жанармай толтырып жүрген абзал.


Әйнек сүрткіш щеткалар

Қыс мезгілінде қар, кей жерлерде жаңбыр жауып, жолды көру қиындайтындықтан «дворникті» аталған маусымға арналған түріне ауыстыру қажет. Сондай-ақ, әйнекке шашырайтын судың да қатпайтын түрін құйып алған жөн.


Тежегіш жүйесі

Тежегіш жүйесінің дұрыс жұмыс істеуі – қауіпсіздік кепілі. Әсіресе, қыс мезгіліндегі аязда жол жабыны көк мұзға айналып, жол апаттары көп орын алып жатады. Сол себепті, бұл қызмет жүйесін мұқият тексеріп алыңыз.


Құлып пен тығыздағыш резиналар

Елеусіз қалдыруға болмайтын тағы бір маңызды нәрсе — есік құлыптары мен тығыздағыштарды суыққа дайындау. Ол үшін барлық құлыптарды арнайы су өткізбейтін аэрозольдермен, ал тығыздағыштарды арнайы маймен аяз басталғанға дейін өңдеп қойыңыз. Сондай-ақ, бұл іс-әрекетті әрбір көлік жуудан кейін қайталап отыру керек.


Жылыту жүйесі

Егер, қозғалыс кезінде жаурап немесе үнемі буланған әйнектен қиындық көргіңіз келмесе, міндетті түрде пештің жұмысын, сондай-ақ (көлігіңізде болса) алдыңғы, артқы әйнектерді және айналарды жылыту жүйесінің дұрыс жұмыс істеуін тексеріңіз.


Жылу сақтау

Қажет болған жағдайда кез келген жүргізуші көлігінің қозғалтқышына қосымша жылыту амалдарын қолдана алады. Ол үшін радиатор, капот және қозғалтқышқа арналған жылу қорғанысын кез-келген автодүкеннен сатып алып, жауып қою жеткілікті.


Қозғалтқышты тексеру

Қыстағы суық қозғалтқышқа түсетін күшті еселеп арттырады және от алдыру шамдарының тозуы, электр сымдарындағы ақаулықтар біраз мәле туындатуы мүмкін. Сондықтан, жолда қалып кетпеу үшін қысқы маусым басталар алдында қозғалтқышқа диагностика жүргізу қажет.


Белдіктер мен құбырлар

Қыс басталар кезде барлық белдіктер мен келте құбырларды тексеріп, тозғанын жаңалап алыңыз. Себебі, суық оларға кері әсер етіп, күтпеген жағдайға ұшыратуы ғажап емес.


Жүргізушінің құрал-сайман жинағы

Көлігіңізді қысқа дайындау шараларын толықтай жүргізсеңіз де, жолдағы күтпеген жағдайларға әрдайым дайын болу керек және өзіңізбен бірге апаттық жағдайда қолданатын құрал-саймандарды алып жүріңіз.

Оған мыналар кіреді:

  • автокөлікті қар мен мұздан тазалауға арналған қырғышы бар щетка;
  • күрек;
  • аккумуляторды өзге аккумулятормен жалғайтын сым;
  • сүйретуге арналған арқан;
  • қосымша жанармай қоры;
  • қолғап және фонарик.


Керек кеңес:

Көлік дизельмен жүретін болса, арнайы антигель қоспасын сатып алыңыз. Ол жанармайға қосылады және аязда отынның қоюлануын болдырмайды;

  • Ал, бензинмен жүретін көлік болса, онда бензобакта конденсаттың пайда болуы мәселесінен арылтатын ылғалды жоюғыш арнайы құралды сатып алыңыз;
  • Арнайы "антилед" құралын сатып алыңыз, ол әйнектегі мұзды ерітуге көмектеседі;
  • Құлыптардағы мұзды ерітетін құрал да суық кезде пайдасын тигізеді;
  • Қысқы шинаны салғаннан кейін, доңғалақтың қысымын реттеңіз – ол шинаның тозуын баяулатады;
  • «Бардачокқа» кәдімгі қағаз сүлгілерді салып қойңыз, олар буланған әйнекті сүртуге таптырмас құрал.


Дайындаған: Б.Ерман,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:

Көлік жүргізгенде мына нәрселерді ІСТЕУГЕ БОЛМАЙДЫ!

Әйнек сүрткіштер ҰЗАҚ УАҚЫТҚА ШЫДАСЫН десеңіз...