​Айрин Тастемір: «Шоколадты құлпынай жасауды үйретіп, айына 1 миллион теңге табамын»

0
6 521

"Мен тек бір жұмыспен шектеліп қалмаймын. Пост жазу, сатылым әкелетін мәтін жазу, копирайтинг сабағын үйрету және құлпынайлы бизнесімізді қоса есептегенде айлық табысым 2-3 миллионға барып қалады".


​Айрин Тастемір: «Шоколадты құлпынай жасауды үйретіп, айына 1 миллион теңге табамын»

«Шоколадты құлпынай» сыйлығы жайлы естуіңіз бар ма? Бұл жай ғана қып-қызыл жидек емес, шоколадпен қапталып, қорапқа салынған өте әдемі орамадағы ҚҰЛПЫНАЙ!

«Клубника в шоколаде» бизнесі жайлы әлеуметтік желілер арқылы көрген де боларсыз. Бұл бизнес Шымкент қаласына да жетті. Қазақтың қарапайым ғана қара қызы, Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының тумасы Айрин Тастемір шоколадты құлпынай жасауды бастап та кеткен. Бүгін жерлесімізбен сұхбаттасудың орайы түсіп, Айринді әңгімеге тартқан болатынбыз. Ендеше айына 2-3 миллион табыс табатын жас әрі сұлу кәсіпкердің жан сырын ақтаруға тырысайық!


Құрманкүл Өмірзаққызы: Айрин өзіңізбен жүздесіп, танысқанымызға өте қуаныштымыз! Өзіңіз жайлы айта отырсаңыз?


Айрин Тастемір: Өзім жайлы айтар болсам, саялы Сарыағаштың тумасы, шырайлы Шымқаланың келінімін. Негізгі мамандығым химик-технолог.

Екінші мамандықты ойда жоқта Кореяға кету үшін таңдап, сонда барып не оқып жатқанымды бірақ білген адаммын.

Білімімді Қазақстаннан бөлек Қытай, Ресей, Корея, Түркия елдерінде жетілдіріп, әлемнің 10 мемлекетінде саяхаттаған саяхатшымын. Шет жерде жүріп Шымкентке қалай келін боп қалдың деп мені көргендер осылай сұрақтың астына алады. Жалпы мен өз басымнан өткізбей ештеңені халыққа ұсынбайтын адаммын. Болмаса, сол бизнес не кәсіпті меңгерген кәсіпкерден сұраймын. Көзімді әбден жеткізіп, содан кейін ғана шәкірттеріме айтамын.

Құрманкүл Өмірзаққызы: "Шоколадты құлпынай" бизнесін Шымкентке әкелген алғашқы кәсіпкерсіз. Осы бизнес жайында толықтай таныстырып өтсеңіз.


Айрин Тастемір: Аты айтып тұрғандай бизнесіміздің атауы - «Шоколадты құлпынай». Балғын құлпынайдың жоғарғы сұрпы мен бельгиялық шоколадтың қосындысынан жасалған керемет, дәмі тіл үйірер дүниені халыққа ұсынып отырмыз. Осындай бизнесті қолға алғанымыз үшін өтеқуаныштымыз!


Құрманкүл Өмірзаққызы: Бұл бизнеске калай келдіңіз? Бастауға не себеп болды?


Айрин Тастемір: Идея ойда жоқта, аяқ астынан келді десек болады. Жалпы қайынсіңлім торт пісірумен айналысады. Сол Қазақстан шоколадын ерітіп торттың үстіне құю керек болған және үстін құлпынаймен безендірмекші болып үстел үстіне қойып қойған-ды. Байқаусызда менің қолым тиіп құлпынайларды шоколад құйылған тостағанға түсіріп жібердім. Содан оны жуа алмай, бір күліп алып, шоколадты құлпынайды жегеніміз бар. Қаңтар айы құлпынайлар қымбат болғасын жолдасым әзілдеп " Көршілерге барып сатып келсеңдерші, шоколадқа қапталған құлпынай" деп әзілдеді...

Ол идеяны мен қағып алдым. Ал, сосын қайнсіңлім екеуміз осындай бизнес интернете бар ма екен деп іздей бастадық. Ютубтан қарадық, тиянақты ештеңе табылмады. Гугл трендстен бұндай бизнестің бар екенін білген соң, жақсы бизнес екенін байқадық та, бастап кеттік. Алдымен инстаграммнан конкуренттерімізді зерттеп, олардың жасамаған әлі халыққа ұсынылмаған түрін ойлап тапқымыз келді. Сөйтіп бизнесті Ресейден сатып алып, ақпан айынан бастадық!


Құрманкүл Өмірзаққызы: 10 жылдай шетелде болып, енді ғана елге келген екенсіз. Бастаған ісіңіз калай жүріп жатыр? Кай өңірлерде сұраныс басымырақ екен?


Айрин Тастемір: Жалпы бизнесті 10 жасымнан су сатып бастағанмын. Сол ақшамды жинап, Ташкенттен хореографиялық курсты оқып, 14 жасымда "Айдана ән-би" ансамбілін ашқанмын. Биыл бұл ансамбльдің құрылғанына 12 жыл болды.

Қазіргі таңда копирайтермін. Танымал адамдардың постын не сатылым әкелетін тексттерін жазамын. Сондай-ақ инстаграм желісіндегі жеке брендтерін қалыптастырамын.

Алланың қалауымен 3 ай бұрын бастаған бизнесіміз тез жемісін берді. Қазіргі таңда Шымкентте сұраныс басым.

Құрманкүл Өмірзаққызы: Шоколадты құлпынай жасап сатасыздар әрі сол бизнесті үйретесіздер ме?


Айрин Тастемір: Біз өзіміз небәрі 3 айда жақсы табысқа шыққан соң басқа да өңірлерге үйретуді жөн көрдік. Себебі біз көбіне үлгере алмай жатамыз. Басқа да жұмыстар бар дегендей. Күніне максимум 5-6 тапсырыс қабылдай аламыз. Кейде сұраныс 10-15-ке көбейіп кетеді. Сол үшін ойлана келе, неге біз бұл бизнесті қосымша табыс тапқысы келетіндерге, үйде отырған аналарға, жұмыс іздеп жүрген студенттерге, жолдасына көмектескісі келген жандарға үйретпеске деп ойладым. Сонымен 15 күн бұрын бұл бизнесті упокавкалап тек оңтүстіктегі өңірлерге жіберуді ұйғардық. Барлығы дайын болғасын басқа өңірлерге де ақырындап онлайн шығарамыз деп отырмыз.


Құрманкүл Өмірзаққызы: Кімдер тапсырысты көп береді? Туған күнге ме, жігіттер қыздарға сыйлық ретінде ұсына ма?


Айрин Тастемір: Тапсырысты түрлі жағдайларға байланысты беріп жатады. Мысалы, басқа қаладағы жігіттер қыздарына, аналарына, туыстарына, жеңгелеріне жіберіп жатады. Сүйген қызына ұсыныс жасағысы келетін жігіттер тапсырыс береді. Сонымен қатар, құда-құдағилар бір біріне тарту етеді. Мереке күндері тапсырыс көбейетіндіктен жұмысымыз тіпті қарбалас боп кетеді.

Қазір туған күн фуршеттеріне де алып жатыр. Туралған жемістерді әсемдеп, әрлеп осыны қояды. Бұрынғыдай тәтті бәліштер мен торттардың орнына шоколадты құлпынайды сәндеп қоюда.


Құрманкүл Өмірзаққызы: Дастарханға қоюға ала ма әлде тек сыйлық ретінде ұсына ма?


Айрин Тастемір: Ақшасы жеткендер дастарханға да алдырып жатыр. Соңында клиенттеріміз хабарласып «Қонақтардың бәріне ұнады, ерекше тәтті екен» деп таңданыстарын жасырмайды.

Жоғарғы сұрыпты құлпынай мен шоколад болғасын кішкене ғана қорабының өзі 8900 теңгеден басталады. Сондықтан барлығы дастарханға алады деп айтпай-ақ қояйын...

Құрманкүл Өмірзаққызы: Шоколадты құлпынай қалай жасалады? Құпия болмаса жасалу әдісін айтып өтсеңіз.


Айрин Тастемір: Әр бизнестің өзінің қызығы мен шыжығы бар.Сол сияқты бұл құлпынайдың да мұқият болмасаңыз капризі жетерлік. Шоколадқа құлпынай салынады оның несі қиын, соны да қымбат етіп деп айтатын клиенттер бар. Бірақ шоколадтың еру температурасы, құлпынайды тазалау техникалары шамалы білімді қажет етеді.


Құрманкүл Өмірзаққызы: Айрин, тағы бір ең маңызды сұрақ: осы бизнес арқылы канша табыс табуға болады?


Айрин Тастемір: Құпия. Тек курсқа жазылып жатқан қыз-келіншектерге айтатын боламыз.


Құрманкүл Өмірзаққызы: Өзіңіздің тапқан табысыңыз жайында да айта алмайсыз ба?


Айрин Тастемір: Мен жақында жарнама жасағанда 300-500 000 теңге табыс табуға болады деп айтқан болатынмын. Себебі 1 миллион десем халық дұрыс түсінбей қалатындай әрі сеніңкіремейтіндей көрінгендіктен табысты сәл-пәл азайтып айтқан едім. Ал, жалпы табыс қабылданған тапсырысқа байланысты. Алланың бергені болады. Бірақ осы айда шығындарды алып тастағанда табысымыз миллионға жетті.

Мен тек бір жұмыспен шектеліп қалмаймын. Пост жазу, сатылым әкелетін мәтін жазу, копирайтинг сабағын үйрету, бренд қалыптастыру, желілік маркетингте жұмыс жасайтындардың инстаграм парақшасын жүргізу, құлпынайлы бизнесімізді қоса есептегенде айлық табысым 2-3 миллионға барып қалады.


Құрманкүл Өмірзаққызы: Шәкірттеріңіз бар ма?


Айрин Тастемір: Иә, әрине бар. Шұбыртып бәрін марафонмен жинап, оның ішінен жақсы табыс тапқандарымен-ақ мақтанатын адамдардың қатарынан емеспін. 70-тен аса шәкірт тәрбиеледім. Бәрі табыс табуда. Ұстаздан шәкірт озса, ұстаздың мықтылығы дегендей менен де жақсы табыс табатын шәкірттерім бар!

Алдағы уақытта осы шоколадты құлпынайды үйретіп, табысты шәкірттер шығару ойда бар, Алла қаласа!


Құрманкүл Өмірзаққызы: Айрин, өзіңізбен әңгімелесіп, жақсы мағлұматтар алдық деп ойлаймын. Бастаған ісіңіз табысты, берекелі болсын!

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


Жаз бойы дайындауға болады: Кәді мен фарш тағамы


Жаздық РАТАТУЙ тағамын түрлі әдіспен дайындап көріңіз


Мохито сусынын үй жағдайында қалай дайындайды?