Мұндай дәмді әрі ерекше тағамды жеген де арманда, жемеген де арманда!
Бір тұшпара қамырына екі түрлі салма салып дайындаймыз. Ол үшін әрине алдымен салмаларды әзірлеп алған дұрыс. Ендеше тағамымызды жасауға кірісейік!
Қажетті қоспалар:
Қамырына:
- 300 гр. ұн
- 150 гр. су
- 1 шай қасық тұз
- 1 дана жұмыртқа
Салмасына:
- картоп езбесі
- сары май
- тартылған ет
- пияз, тұз, бұрыш қосылады.
Дайындалу тәсілі:
- Тұшпараның алдымен қамырын илеп алу керек. Ол үшін табаққа ұн салып, су құямыз. Тұз бен жұмыртқаны салып, қаттырақ қылып қамыр илейміз.
- Енді салманы дайындап алайық. Бір табаққа фарш пен майдалап туралған пиязды салып, жақсылап араластырамыз. Дәміне қарай тұз, бұрыш қосып, тағы да араластыру керек.
- Дайын езілген картопқа сары май қосып, оны да жақсылап араластырған дұрыс. Осылайша екі салмамыз да дайын болды.
- Қамырды дөңгелектеп аламыз да, ұзынынан кесіп шығамыз. Содан соң сопақша қамырларды тағы да кішкене бөліктерге бөлеміз. Қамырларды дөңгелектеп, әрқайсысын жеке-жеке жайып шығамыз. Қамырдың үлкендігі қарапайым тұшпара қамырындай болуы керек.
- Жайылған дөңгелек қамырлардың бір шетін ғана біріктіріп, екі жағына екі түрлі салманы саламыз да, тұшпара секілді түйеміз.
- Міне, екі түрлі салма салынған тұшпараларымыз да дайын деуге болады. Қазанға немесе кастрөлге су құйып қайнатып, қайнаған суға тұшпараларды салып, пісіріп аламыз. Пісіп шыққан тұшпараның бетіне сары май жағып, дастарханға ұсына берсеңіз болады.
- Өте дәмді әрі тойымды тағам тәбеттеріңізді аша түссін!
Әзірлеген: Қ.Өмірзаққызы,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ: