​Бала неліктен ӨТІРІК айтады?

0
3 114

Баланың ӨТІРІК айтуы қалыпты жағдай ма?


​Бала неліктен ӨТІРІК айтады?

фото: ВКонтакте

Балалардың кейде өтірік айтуына мән бермейтін ата-аналар бар. «Балалық қой», «Фантазер ғой біздің бала» деп күліп қана қоятын ата-аналар мен баланың өтірігі үшін жазалап, ұрып, қысым көрсетіп, қорқытып жататын ата-аналар да бар.

Алдымен бала не үшін өтірік айтып жатыр, осыған мән беру керек. Бала кейде қорыққанынан немесе мақтанғысы келіп өтірік айтады. Бұл қалыпты процесс. Бірақ әдетке айналмауын қадағалаңыз. Ақырындап балаға түсінікті етіп жеткізуге тырысыңыз. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» екенін ұғынып өскен бала есейгенде әділетті, шыншыл болып өседі.


Бала қандай мақсатпен шындықты өзгертеді?

-Қорыққанда;

-Жағымсыз кейіпке түсіп қалудан қашу үшін;

-Адамдардың назарын өзіне аударту үшін;

-Қандай да бір өз «пайдасын» ойлағандықтан;

-Ұялғанда;

-Ата-анасының көзіне бұрынғыдай «жақсы бала» болып көрінуді қалағанда;

-Мақтанғысы келгенде;

-Қорғану немесе қорғау үшін өтірік құрастыруы мүмкін.


фото: topuch.com

Өтірік айту деген не?

Өмірдегі, айналасындағы болып жатқан жағдайларды дәл сол қалпында емес, өзгертіп айтуды өтірік айту деп есептейміз.


Баланың өтірік айтуы неше жастан басталады?

Баланың өтірік айтуы 2-3 жастан басталады. Қарапайым мысал келтірейік. Бала болғандықтан, әсіресе 2-3 жаста оның бірдеңені бүлдіруі әдеттегі жағдай. Қолындағы сүтін төгіп алса оны ширақ еткіміз келіп немесе дәрет қысып, түбегіне отырмай, бұтына жіберіп қойса біз қабағымызды түйіп, саусағымызды кезеп «мынау не? Неге бүлдіресің?» деп сұраймыз. Бала қатулы қабақтан, зілді дауыстан әрине қорқады. Сол кезде баланың жауабы «мен емес» болады көп жағдайда. Әрине баланың өтірік айтуына өзіміз, ересектер себепкер болып отырмыз.

Бұлай қорқытумен баланың өтірік айтуына жол ашып бергенімізбен қоймай, қабағымызды түйіп, ұрысып, шапалақпен тарту арқылы не істерін білмей тұрған баланы стресс жағдайына түсіріп қоюыңыз да мүмкін екен.


Баланың өтірік айтуына үлкендер кінәлі ме?

Бала көбінесе қорыққанда өтірік айтады. Өйткені ол шындығын айтқанда үлкендер ашуланып, жазалап, балаға дұрыс емес реакция көрсетеміз. Содан кейін, әрине, бала да шындықты айтуға болмайды екен деген тұжырым шығарады. Егер шындықты айтсам, мен таяқ жеймін, ата-анамды ренжітемін деген ой қалыптасады.

Бала кімге көп өтірік айтса, сол адамға шындықты айту қорқынышты. Яғни, бала сол адамнан қорқады деген сөз.


Өтірік айтуды қалай қойдыруға болады?

Кішкентай балалардың мақтаныш үшін немесе өзіне адамдардың назарын аудару үшін айтып жатқан өтіріктеріне мән бермей, әңгіме ауанын басқа жаққа бұрып жіберген абзал.

Ата-ананың немесе жақындарының өзін бағалауы қаншалықты жоғары болса бала үшін олар жасөспірім шаққа дейін, одан кейін де идеал адамдардың қатарында саналады. Бұларға сенуге болады, бұл адамдар барлығын біледі, олардың сөзі заң деп қабылдайды. Сондықтан, алдымен өзіміз өтірік айтпауымыз керек.

Баланың одан әрі өтірік айтуын ушықтырып, мінезін өзгертіп жібермеу үшін ата-анасы, жақындары баланы жазалап, басып тастамау керек. Одан да баланы түсінуге әрекет етіңіз. Баланың сізге сенетіндей, шындықты айтудан қорықпайтындай жағдайға әкеліңіз.

Асықпай баламен сөйлесіңіз. Неліктен оның өтірік айтқанын біліп, «балам, мен сенің неліктен менен шындықты жасырғаныңды түсіндім. Иә, сенің ойыңша тығырықтан шығар басқа жол болмай қалды. Бірақ ол қандай болса да өтірік. Бұдан кейін өтірікке жолама, ащы болса да шындықты айт. Өйткені, бір өтірік соңынан тағы бір өтірікті ерте келеді. Өз өтірігіңе өзің шырмалып, шыға алмай қаласың соңында. Ал мұндай адамдарды ешкім ұнатпайды. Сен жақсы адам болғың келе ме? Жақсы адамдар өтірік айтпайды» деп жайбарақат сәбіз аршып отырып та, серуендеп жүріп те айтуға болады. Баланың қанша жаста болғаны маңызды емес, ол бәрін түсінеді.

Бала неше жаста болса да «өтірікші», «қойш, саған сенбеймін» деген сөздерді айтушы болмаңыз. Бұндай сөздер бала ғой дегенімізбен, оның жүрегіне қатты тиеді. Жан дүниесі құлазып, жабырқайды.Бала қандай болса да ата-анасы оны қолдайтынын, сенім артатынын, кешіретінін білсе бала ешқашан өтірік айтпайды.


Өтірік айту әдеті қашан жойылады?

Бала әдейі өтірік айтпайды. Бала өсіп жатқан кездегі психологиялық процесстер, есейіп жатқандығынан бір хабар беретін белгі деп қабылдаңыз. Кейбір балаларда бұл уақытша ғана құбылыс болады. Бала өз бойынан «өтірік айту» деген түсінікті өткізгісі келеді. бала өзін өзі тану барысында көзқарасы қалыптасып келе жатқанда «өтірік айтам» немесе «айтпаймын» деген шешімге өзі келеді.


Ата-анадан қорқу «сыйластықтың» белгісі деу - қате ұғым

Біздің ата-аналарымыз, одан кейінгі ұрпақ Кеңестік дәуірде өмір сүруді көрдік. Ал, тәуелсіздіктен кейін өмірге келген балалар заманға сай өзгешеліктері бар. Олар тумысынан еркіндікті сүйетін, өзін бағалайтын, өзіне деген құрметті талап ететін балалар. Өз ойын іркіп қалмайды, бетке айтады. Бұлар шынында да көп нәрсені біледі. Өйткені қазір еркіндік көп. «Біз де таяқ жедік, әкеміздің қатулы қабағынан, анамыздың айғайынан қорықтық. Әке-шешеден қорыққан дұрыс» деген түсінік дұрыс емес.

Қорқу сыйлағандықтың белгісі емес. Ата-анамен қарым-қатынаста да алшақтық болмай, еркіндік болуы керек. Сонда қорқу емес, шынай сыйластық орнайды.

Адам өзін өзі танып-білсе, өзіне өзі дұрыс мәміле жасаса, балаларына және айналасындағы басқа адамдармен де дұрыс қарым-қатынас орната біледі.

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


ҚАРЫЗ - еңбекқорды ынталандырады, жалқауды күйзеліске салады


САТҚЫНДЫҚты КЕШІРУ мүмкін бе?