​Дастархан мен КӨРПЕШЕнің тұйығын қонаққа қаратып салады

0
8 071

"Жолы ашық болсын" деген тілеулестіктің белгісі бұл.


​Дастархан мен КӨРПЕШЕнің тұйығын қонаққа қаратып салады

Атынан түссе де, салтынан түспеген қазақтың тыныс-тіршілігінде әрбір заттың бағасы бар. Сондықтан ата-бабамыздан мұра болып қалған салт-дәстүрлеріміз ғана емес, әдет-ғұрыптардың, ырым-тыйымдардың да қолдану аясы мен астарына үңіле білгеніміз жөн.


Әйтпесе үйіңізге келген қонағыңыз ренжіп немесе көңіліне алып қалуы мүмкін. Мұны маған көбінесе әжем үйрететін. Анам жұмысбасты болды, жұмысынан босай қалса үй шаруасымен, қонақ күтумен босамайды. Сондықтан ғибратты, маңызы бар, алдағы өміріме бағыт-бағдар боларлық мәні бар әңгімелерді әжем айтып, құлағыма құйып өсірді.

Есейіп қалған шағым, сонда да көп нәрсені әлі де біле бермейтін кезім. Анам ол кезде үйде болмағандықтан, алыстан келген сыйлы қонақтарды әжем екеуміз күтіп алуымызға тура келген.

«Қонақтарға көрпеше сал!» деп бұйырған әжемнің сөзін екі айтқызбай, қонақтарға арналған көрпешені төрге төсеп едім ұзындау екен. Анамның мұндай кезде көрпешені екі бүктеп салатынын көргенмін ғой, мен де солай еттім.

Бірақ ол кезде үндемеген әжем кейін қонақтарды шығарып салғаннан соң төрге төселген көрпешенің дұрыс салынбағанын көріп, маған ақылын айтты. Ұрысқан жоқ, жай ғана түсіндіруге тырысты. Өйткені мен шынында да мұндай әдет-ғұрыпты білмейтінімді әжем де білді.


«Үйге келген қонақты сыйлаудың, құрмет көрсетудің жолдары көп қызым. Бұдан былай есіңде болсын, ешқашан көрпешенің немесе дастарханның тұйық жағын, яғни, бүктелген тұсын есікке қаратпа! Қонақтың жолы ашық болсын деп тұйығын қонаққа ашық жағын есікке қаратып салады.Олай етпеген жағдайда қонақ ренжіп қалуы мүмкін. Өзін сыйламағанын сезсе, ол үйге қайтып келгісі келмей қалады емес пе?

Саған бір мысал айтайын, менің ойдан шығарғаным емес, бұрынғылардың айтатын сөзі осы.

- Ертеректе Таңдайбай деген қу серіктерімен келе жатып, бір үйге түседі. Үйде бәйбіше мен келіні ғана бар екен. Қария қонақтарға сырмақ сал дейді. Таңдайбайды таныған кесір келін сырмақты қабаттап, тұйық жағын отқа қаратып сала қояды. Таңдайбай малдасын құра төрге қарап отыра кетеді. Көптің ішінде теріс қарап отырған адамға таңданған кемпір:

– Мұның не? - десе:

- Тұйық жағын – қазақ халқының салты бойынша, астыға төсейтін сырмақ, көрпешелердің тұйық, бүктелген жағын іргеге яғни, қонақтың артына қаратып төсеген. Ашық жағы қонақтың жолы ашық болсын деп, алдына қаратылған.

Дастарқанды да үлкен болып, екі бүктеп жайған жағдайда, тұйық жағын сыйлы қонаққа қаратып қояды.

– Шеше, әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа деген ғой. Сіздің елдің салтын сыйлап отырмын, – депті.

Әр елдің салт-дәстүрі, әдет-жоралғысы басқа, өз еліңнен өзгеше болатыны белгілі. Тіпті бір елдің құрамындағы әр өлкенің де салт-жоралары өзгешелеу, өз еліңмен салыстырғанда, ерсілеу болатыны бар. Мақал сондай жағдайдан туған.

(Көрнекілік үшін суреттер ашық дереккөзден алынды)


Сондықтан қызым, біз қазақ болып туған соң, қазақтың салтын білуіміз керек. Мен өз білгенімді саған үйреттім, мен де анамнан, әжемнен үйрендім. Ертең сен де оны жалғастыруың керек. Сонда ғана біз өзіміздің көргенді елдің ұрпағы екендігімізді, парасатты, ұлтжанды ұрпақты тәрбиелейтін елдің қызы екенімізді ұмытпаймыз» деген болатын.

Бүгінде әжем өмірден өткен, артында қаншама өсиет пен өнеге қалдырды. Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын күнделікті өмірімде қолданғанның оң өзгерістерін байқағаным болмаса, кері әсері жоқ. Керісінше, үлкендердің батасын алып, өмірдегі жолымның ашылуына да септігі тиіп жатыр.

НҰР Әлем,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Жаңа түскен ЖАС КЕЛІНге неліктен ҰЛТАБАР жегізеді?


Шөберенің алақанынан МАЙ ЖАЛАҒАН қария ЖҰМАҚқа БАРАДЫ