Құдаларға ұнайтын киіт таңдаудың үш шарты бар
фото: ЖИ
Қазақ халқы үшін той – тек қуаныш емес, дәстүрдің айнасы. Соның ішінде киіт-кәде, сый-сияпат беру – ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ерекше мәдениет. Көбіне шапан, камзол, орамал секілді бұйымдармен басталып, кейін келе, сапасы сын көтермейтін костюм-шалбар, жайде, мата-орамалдардың салдарынан «Бұйым болмайтын, түкке керегі жоқ нәрсе» деген пікір туған еді. Бүгінгі таңда бұл дәстүр жаңа сипат алып, заманауи сәнмен үйлескен этно-стильге бет бұрды.
Бүгінгі қазақ қоғамында киіт стиль, статус және талғамның көрсеткіші ретінде қабылдана бастады.
Заманауи этно сән: дәстүрдің жаңғыруы
Қазіргі дизайнерлер ұлттық киімді қайта жандандырып қана қоймай, оны күнделікті өмір мен сән индустриясына енгізіп жатыр. Соның арқасында камзол мен шапан тек үлкендерге емес, жастармен орта буын арасында да тартымды бола бастады. Тек шапан емес, қазір тойларда жас келіндер мен күйеу жігіттерге, құда-құдағиларға заманауи тақиялар мен бөріктер сыйлау сәнге айналды.
- Qazaq Republic – ұлттық элементтерді street style-мен үйлестірді. Заманауи көше стилі бағытында ұлттық кодты, қазақша жазулар мен минималистік элементтерді жастар арасында нағыз трендке айналдырды.
- Asyl Design – нәзік оюлар мен ерекше заманауи пішімді біріктірген белгілі бренд.
- Global Nomads – көшпенді рухты қазіргі стильмен жеткізеді. Көшпенділер рухын, философиясын заманауи спорттық және күнделікті ыңғайлы киімдермен жеткізетін танымал отандық марка.
- Томирис (Tomiris) – ұлттық нақыштағы заманауи тақиялар, шәлілер мен күнделікті киюге арналған этно-көйлектер шығаратын танымал отандық бренд.
- Byron (немесе Byron Shapan) – нәзік, минималистік стильдегі күнделікті киетін шапандарымен белгілі, жастар арасында өте өтімді.
Бұл брендтер ұлттық нақыштағы киімдерді тек той-томалақта салт-жоалғы үшін ғана іздемей, күнделікті киюге болатын сәнге айналдырды.
Премиум киіт: мәртебенің белгісі
Тойларда, әсіресе құдалық, ұзату сияқты үлкен жиындарда киіттің деңгейі де жоғарылайды. Мұндай жағдайда таңдау көбіне дизайнерлік брендтерге түседі:
- Saukele – ұзату және үйлену тойларына арналған салтанатты, эксклюзивті, нәзік әрі өте сапалы ұлттық киімдер шығарады.
- Aida KaumeNOVA – Қазақстандық этно-шик стилінің негізін салушылардың бірі, халықаралық деңгейдегі танымал дизайнер. Әлемге танымал бірнеше тұлғаларға сыйлаған оюлы шапан, қамзолдары жоғары бағаланып, мега-жұлдыздар әлеуметтік желідегі парақшасына салып, алғыс білдірген.
- Zardozi – қолөнер мен бізкесте өнерін жоғары деңгейде дамытып жүрген бренд.
- NUR SHAH – бұл сән үйі қазақтың ұлттық киімін халықаралық Париж, Милан подиумдарына шығарып, haute couture деңгейіне жеткізді. Мұндай киіт тек сыйлық емес, өнер туындысы.
- Асыл-Дизайн (Asyl Design), «Алтын Орда» сән үйі – Қазақстан сән әлемінің аңызы, классикалық премиум шапандар мен камзолдардың эталоны.
- Тұмар (Tumar) – премиум кластағы, қолдан кестеленген, табиғи барқыт пен жібектен жасалған шапандар бренді. Мұндай киіттер нағыз статус символы болып табылады.
- Камила Құрбани (Kamila Kurbani) – андрогенді және заманауи этно-стильдегі премиум киімдерімен халықаралық деңгейде танымал дизайнер. Оның шапандары мен костюмдері өте жоғары бағаланады.
Қолжетімді, бірақ стильді таңдау
Әр тойдың бюджеті әртүрлі. Сондықтан соңғы жылдары орта сегменттегі сапалы брендтерге сұраныс артты:
- Gani Kubeev (Shapan by Gani Kubeev) – заманауи нарықта, әсіресе Астана, Алматы және Шымкент қалаларында трендтегі заманауи шапандар мен камзолдар ұсынатын танымал бренд. Қолжетімді баға мен стильдің үйлесімі оны киітке өте ыңғайлы етеді
- Mussawear – ұлттық нақыш пен классикалық үлгіні біріктіріп, күнделікті өмірге бейімдеп, жаңаша өңдеген бренд.
- Dinara Satzhan Brand – Динара Сәтжанның заманауи костюмдері мен этно-элементтері бар киімдері нарықта белгілі статус пен стиль ретінде қабылданады.
Бұл брендтер ұялмай беруге болатын, бірақ қалтаға салмақ салмайтын категорияға жатады.
Жаңа формат – этно-аксессуарлар мен интерьер бұйымдары
Қазіргі тойларда тек киім кигізіп қана қоймай, киіт ретінде жоғары талғаммен жасалған этно-бұйымдарды беру белең алып келеді.
- Қазақтың ұлттық ою-өрнектерімен, мемлекеттік стильде жасалған премиум деңгейдегі ыдыс-аяқтар, кәдесыйлар мен сағаттар. Бұл құдаларға берілетін ең элиталық киіт баламасы. Бұл санатта Қазақстанда мына брендтер ерекше көзге түседі: «EMPIRE», «Talisman», «National Souvenirs Kazakhstan», «Tumar Collection», «Qazaq Republic Home», т.б.
- Былғары бұйымдар – қолдан жасалған, оюланған былғары портмонелер, сөмкелер мен белдіктер. Қазақстанда мынадай брендтер мен шеберханаларға назар аударуға болады: «KIRITTI», «Holy Cow Leather Workshop», «Janna Richi», «Kozhura», «MYRZA BRAND», т.б.
- Арт-туындылар. Қазақтың аңыздары, мифологиясы, наным-сенімдері, көшпелі мәдениеті мен ұлттық құндылықтары арқау болған арт-картиналар, панно мен интерьерлік туындылар қызықтырса, Қазақстанда мынадай брендтер мен студиялар назар аударуға тұрарлық: «Dastur Home», «Soulart Gallery», «Asylana Collection», «WomenArtDesign, «National Style KZ», т.б. Авторлық суретшілер – Қамажай Қайыр, Әсел Кенжетаева, Алуа Тебенова, т.б. туындылары да той-думанның ажарын аша түседі.
- Зергерлік бұйымдар – күмістен, мельхиордан және ұлттық нақыштағы зергерлік әшекейлер жасайтын бірнеше танымал бренд пен шеберхана бар. Олардың бірқатары дәстүрлі қазақ әшекейлерін заманауи стильмен үйлестірсе, енді біреулері қолмен жасалған эксклюзивті бұйымдарға маманданған. «KazakhYuvelir», «HalykZerger», «Zhannura Jewellery», «Balausa Jewelry», «QZERGER», «Tumar Jewelry», «Qazaq Style Jewelry», т.б. шеберлер мен брендтер ұлттық нақыштағы күміс, мельхиор, жез және табиғи тастардан жасалған әшекейлерді ұсынады.
Киіт таңдаудың жаңа философиясы
Бүгінде киіт таңдау – жай міндет емес, мәні бар шешім. Сандыққа салып сақтайтын мата, қаптамасынан шықпаған күйі қолдан-қолға ауысатын жейде мен ескі үлгідегі шапан кезеңінен өтіп, сауатты әрі саналы түрде ұсынылатын практикалық кезеңіне аяқ басты. Киіттік киімдер күнделікті өмірде мақтанышпен киетін сәнге айналды.
- Киіт таңдағанда өлшемді ұмытыңыз. Қазіргі трендтегі «oversize» (еркін пішімді) заманауи шапандарды таңдаған тиімді. Ол кез келген дене бітіміне шақ келеді әрі сәнді көрінеді.
- Тым ашық, жылтыр маталардан қашып, заманауи пастельді түстерге (сарғыш, зәйтүн түсті, қою көк, изумруд) басымдық берген жөн. Мұндай түстегі шапандарды үлкендер де, жастар да күнделікті өмірде еш қымсынбай кие алады.
- Дұрыс таңдалған киіт сый алушының жасына, статусына сай болуы, заманауи әрі ыңғайлы болуы, ұлттық мәнін жоғалтпауы тиіс.
Қазақтың киіт беру дәстүрі өзгерген жоқ, тек заманға бейімделді. Бүгінгі таңда ол дәстүр, сән және мәдени кодтың үйлесімі. Сондықтан тойға апаратын сыйлықты таңдағанда, сіз тек киім емес, ұлттық болмысты, талғамды және құрметті бірге сыйлайсыз.
А. Мейірханқызы,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
МАҚАЛДЫҢ МӘНІ: «Қойныңдағы қатыныңа сенбе, Астыңдағы атыңа сенбе!»


