​«Көрші ақысы» дегенді қалай түсінуге болады?

0
6 621

Көршінің қарым-қатынасы туралы оқиғаны да жүрген жерімде айтып жүруді әдетке айналдырдым.


​«Көрші ақысы» дегенді қалай түсінуге болады?

фото:liter.kz

«Жаныңдағы көрші туыстарыңнан да жақын болады» деуші еді. Бірақ мен бұл ауданның тұрғындарынан ондайды байқамадым. Келін түсіреміз деп бір жұмадан бері дайындалып жүрміз. Жиын болатын үйдің көрші әйелі үй шаруасына, еркегі дала істеріне жұмылып, көмектесіп кетуші еді. Ал біздің тіпті бүйірдегі көршілерімізге дейін көмектесу былай тұрсын, амандық-саулық сұрау үшін соғысып қалу керек, деген көршіміз беташарға барған біздерге біраз назын айтты.


Шынында да бала күнімізден көріп өскен көршілердің дені басқа болатын. Той-жиын жасайтындардың үйіне көрші әйелдер келіп әктеп-сырлап, жылдар бойы шаң басып жатқан сандықтағы ыдыстарды сыртқа шығарып, жуып тазалайды, ал еркектер жағы қора-қопсыны тазартып, ауланың шөбін шабатын. Мүмкіндік болса, сынған-қираған тұстарын ретке келтіретін. Ал қазір жаңадан қоныстанып жатқан көршіні үйге шақырып, шай беруден қалдық. Одан қалса, үлкен тойларда ғана бой көрсетіп, той тарқамай тайып тұрамыз. Мұнымыздың дұрыс еместігін біріміз білсек, екіншіміз білмейтініміз анық.


Көрші Алтын апайдың айтпағы да осы. Кеше кешкісін келін түсірді. Көршілер жиылып баратын жөніміз-ақ. Бірақ кертартпалық пен шаршау көршінің үйіне емес, төсегімізге қарай тартты. Бүгін беташар болатын уақытта жиналып бардық. Есіктен кіре берген біз әлгі әңгімені есіттік. Ұялғанымыз рас. Бірден дастарқанға жайғасуға ыңғайсызданып бәріміз тұрып қалдық.


Сол кезде өзін Алтынның абысынымын деп таныстырған Айман апай жанымызға келіп көршілерге жайылған дастарханға бастап апарды. Бәрімізбен жеке-жеке таныстықты бастаған Айман апай көршілердің қарым-қатынасы туралы мынадай оқиғаны айтып берді.


«Бізге жеткен аңыз бойынша Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) бір бейбақтың екінші бір кісіге жабысып, соңынан қалмай жүргенін көреді. Ана кісі қайда барса да мына кісі «хақымды бер» деп қасынан кетпейді. Пайғамбарымыз қастарына жақындап, әлгі адамнан:


– Ей, бұл кісіде нең бар? Не істеді саған? деп сұрайды.


– Бұл кісіде менің алынбаған ақым бар, - дейді әлгі кісі.


– Бұл менің көршім еді. Алла оған байлық берді, ауласынан ауқатты адамдар арылмайтын. Ал мен өте кедей болдым. Күнде оның есігінен сығалап, телміріп тұрамын, ал ол маған көзінің қиығын да салмайды. Бір үзім нанға зар болып, бала-шағам аш жатқан күндер болды. Алла мұның бір басына дәулетті үйіп-төгіп бергенде оның ішінде кедей-кепшіктің де несібесі бар еді. Бұл байлығын қажетсіз жерге шашып, кедейлерге қарайласқан жоқ. Міне, қияметте екеуміз қатар келіп, одан Алла берген сол хақымды сұрап жүрмін, — дейді.


Пайғамбар бұрынғы байға қараса, ол мүсәпір күйге түсіпті. Бұ дүниедегі көршісіне о дүниеде қарай алмай, беті қарайып кетіпті. Пайғамбардың алдында жер шұқиды. Пайғамбар:


– «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген. Көршісіне қарайласпаған, халін сұрамаған адам менің үмбетімнен емес, дейді де, айналып жүре береді. Пайғамбарымыздың бұл сөзі дүйім елге таралып, кейінгіге үлгі-өнеге болыпты.


Міне, осындай аңыздарды естіген соң көршілермен жақсы қарым-қатынас жасап, тату-тәтті өмір сүруге әдеттендік. «Көрші ақысы» деген ұғымды бала бастан санамызға сіңірдік. Бүгінде ұл-қыздарымызға да көршілермен жақсы қатынас жасау керектігін айтып отырамыз. Сендер келінім Алтынның сөздерін көңілдеріңе алмаңдар. Оның көршілеріне еркелеп, назданған түрі ғой. Араларыңда жастар көп екен. Көршің ағайын-туыстан да жақын болу керек. Дәмді тағам пісірсең көршіге ауыз тигіз, әдемі зат алсаң көршіңе көрсетіп көрімдігін ал, қуанышыңмен бөліс, көңіліңе қаяу түскенде жұбанышың болады. Ішкі жан-дүниеңді ақтар, сырласың болады. Көп жағдайда көршілер рулас келіп, біреуге төркін, енді біреуге қайын жұрт болып жатады. Міне, көршілердің қандай қарыз-парыздары барын бұдан былай біліп жүретін болдыңдар, деп әңгімесін аяқтады.


Біздер де көршімізге ренжіген жоқпыз. Өз ісімізден ұялдық. Беташар біткен соң көршілер ыдыс-аяқ жуып, кешке келген құдаларды күттік.

Бойымнан жүк түскендей, өзімді жеңіл сезіндім. Көршінің қарым-қатынасы туралы оқиғаны да жүрген жерімде айтып жүруді әдетке айналдырдым.


Ләззат Ахметова,

ERNUR.KZ.



Жеті шелпек туралы құпияны білесіз бе?