​ҚҰДАЙЫ АСқа неге ТАҚ САНДЫ нан апарады?

0
3 971

Тақ сан ненің белгісі?


​ҚҰДАЙЫ АСқа неге ТАҚ САНДЫ нан апарады?
фото: aqmeshit-aptalygy.kz

Қазақтың жұп санын жақсы көретіні, өйткені жұп санның «көбею» мағынасында қолданылу түсінігіне байланысты болса керек.

Той болса, қуанышқа жайылған дастарханның қадірлі қонағы болып барсаңыз, міндетті түрде екі немесе төрт нан алып барасыз. Бұл «қуаныш көп болсын, жұп-жұбымен болсын» деген мағынаны білдіреді. Ал, қазалы үйдің дастарханына тақ санды етіп апару керек.

Құдайы асқа барсаңыз да, дастарханына деп тақ нан апарасыз, мұны білетін де шығарсыз. Өйткені, қазаның жолы ауыр дейтін қазақ мұндай қайғының көп болмауын тілеген. Қайтыс болған адам артынан тағы біреуді алып кетпесін деген ниеттен туған болар бұл ырым. Қаза көбеймесін, жұптаспасын деп тақ санды дәмдер апарады.

Көбінесе әйелдер жағы мұндай салтты жасайтын. Бұны «бата оқыр» деп те айтады.

Қазақта адамы қайтқан үйге туыстарымен қатар көршілері де көмектеседі. Көбінесе келген қонақты көршілері бөліп алып, күтеді. Сонымен бірге «бет көрісуге» келген әйелдер «бата оқыр», кей жерлерде «бата қор» деп те аталады, дүние-мүлік және тамақ әкеледі. Ер азаматтар «дастарқанға» деп әкеледі. Тіптен, арнайы ірі қара мал да атауы мүмкін. Молда-қожалар арнайы өз аттарынан құран аударып, хатым түсіріп те әкеледі.

Міне, бұдан жол ауыр делінетін өлімнің көпке ортақ екенін аңғаруға болады.


Көңіл айтып келгендерді қарсы алмайды, шығарып салмайды

Қаралы үйге көңіл айтып келген адамды қарсы алып, алдынан шыққан адамды жек көретін қазақ хан болса да қарсы алмайды, шығарып салмайды. Алдынан қарсы алу аруақты қорлау болып саналады.


Көрісу мен көңіл айту

Қазақ халқы таныс-біліс болмаса да, қаралы үйге көңіл айтуды парыз санайды. Өйткені мойнына қарыз саналады деп пайымдайды. Ал аза тұтқан үйге көңіл айтуға кіргенде үлкен ақсақалдар тек тиісті адамдармен ғана көріседі. Отбасының келіндерімен көріспейді.

фото: turantimes.kz

«Құдайы ас» деп әртүрлі жағдайларда дастархан жайылатынын да ескеруіміз қажет. Дегенмен, «құдайы ас» атауының өзі Алланың жолына құрбандық шалып, ас беруді айтады. Бұрын-соңды өмірден өткен сол әулеттің ата-бабалары, әжелеріне арнап Құран бағыштап, дұға тілеу. Қандай да бір үлкен істі бастардың алдында, жаңа үйге кіргенде, ұзақ сапарға аттанарда немесе қайтып келгенде міндетті түрде Құран оқытып, ас беру қазақтың қанына сіңген әдет. Бұл әрине, әруақты сыйлау, «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген мәтелге сүйеніп, шама келсе өмірден өткен ата-бабалардың әруағына Құран бағыштап, сауап алуды ойлау.

Мұның түбінде Алла жолына берілетін ас болғандықтан, «Құдайы ас» деп аталады ғой. Ал, құдайы асқа әйелдер жағының тақ санды дәм апаратынын да мен жүре келе білген болатынмын.

Бұл да салт-дәстүріміздегі кішігірім болса да, мағынасы үлкен ұстаным. Әрбір салт-дәстүрімізді дәріптеп, жөнімен, орнымен әдет-ғұрпымызды ұстанып, жаңғырта білсек қазақтығымыз ешқашан жойылмайды.

Өйткені, ата-бабамыздың салып кеткен сара жолында ғибрат бар. Кейінгі ұрпақ та осыны мықтап есінде ұстаса, өзінен кейінгілерге ата-баба мирасы ретінде ұлықтап, әспеттеп қалдыра білсе, халық ретінде, ұл ретінде ешқашан жойылмаймыз.

Гүльвира ЖҰМАДІЛДАЕВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


ТӘТТІ ШАЙда «БАЛ жегізу» міндетті ме?



КҮЙЕУ БАЛА неге БАТА бермейді?