Ас атасы - НАН.
фото: sharkkafe.1c-umi.ru
Ежелгі ата дәстүріміз бойынша үй иесі кез келген қонаққа әрдайым дәмнен ауыз тигіздіріп, өзін адамдық болмысын жоғалта қоймағандығын, жолаушымен терезесі тең екендігін білдірген. Себебі бұл дүниеде барлық адамның дәрежесі бірдей.
«Наннан ауыз ти! деп үйге келген адамға міндетті түрде айтып жататын бұрынғы аналарымыз бен әжелеріміз. Ал қазіргі кезде жастар жағы бұл дәстүрді ұмыт қалдырды ма, әлде ескінің сарқыншағы деп үстірт қарай ма екен, «нан ауыз ти» дегенді түсінбей жатады.
Қазақ нанды астың атасы деп біледі. Дәмнің үлкеніне балап, аяқ асты етпеуге тырысады. Шынашақтай кезімізден нанды оң қолымызбен ұстап, екі қолымызбен үзіп жеуді білеміз. Бұл нанның қазақ үшін қаншалықты қадірлі ас екендігін айқындайтын амал.
Сондықтан шығар, бала күнімізден «нанды баспа», «нанды төңкерме», «нанның үстіне зат қойма», «нанды бір қолыңмен үзбе» деген тыйымдарды бұлжытпай орындайтынымыз. Құлаққа сіңіп, санаға жатталып қалған тыйымның тәрбиелік мәні әрине, тереңде.
Үйге бір шаруасымен келіп, асығып тұрғанын айтқан кісіге «Ең болмаса, наннан ауыз тиіңіз» дейміз. Бұл – нанның құдіретті ас екендігінің белгісі.
Қаймана қазақ әрқашан астан аттап кетпеген, «астан үлкен емеспіз» деп бір-бірімен жауласып тұрған кісі болса да тізе бүгіп, дастарханнан дәм ауыз тиген.
Бұл шариғатта да бар, кісі ақысына кіреді. Өйткені, жолаушы, қонақ Алланың алдында ақысын сұрауға хақылы. Әрбір адам Алланың алдына барғанда ақысын сұрайды екен «Мен пәленшенің үйіне барғанда маған су бермеді, нан бермеді» деп қиямет күні ақысын сұрайтын жағдайы болады.
Сондықтан, міндетті түрде үйіңізге бас сұққан қандай қонақ болса да нан ауыз тигізіп жібергеніңіз жөн. Егер ол қонақ «мен асығып тұрмын», «мен тоқпын», «мен жай ғана өтіп бара жатып соғып кетейін деп едім» десе де алдына ұсынған нан немесе су әлгі кісінің ақысын жабады екен. Ол астан дәм ауыз тисе де, тимесе де өз еркі, бірақ сіз өз міндетіңізді орындадыңыз.
Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз:
Жүкті әйелге қатысты ырымды, салт-дәстүрлерді ұстанып жүрміз бе?