​Жүкті әйелге қатысты ырымды, салт-дәстүрлерді ұстанып жүрміз бе?

0
237

Толғағы келген жүкті әйелдің үйіндегі сандықтардың аузын ашып қояды


​Жүкті әйелге қатысты ырымды, салт-дәстүрлерді ұстанып жүрміз бе?

көрнекілік фото: ldpr.ru сайтынан

Қазақ халқы өте ырымшыл. Әсіресе, ұрпақ саулығына қатысты, жүкті әйелдерге қатысты ырым-тыйымдар өте көп. Бұл ырымдар мен тыйымдар болашақ ана мен сәбиді түрлі қауіп-қатерлерден сақтауға арналған.


• Егер көшеде жүкті әйел кездессе, жолыңыз болады, ал үйіңе аяғы ауыр әйел қонуға келсе, өзімен бірге бақыт пен береке ала кіреді деп ырымдайды.
• Аяғы ауыр болғанын сезген әйел бұл жаңалықты туған-туыстарына неғұрлым кешірек хабарласа, соғұрлым жақсы. Өйткені, әйелге тіл-көз тигіш келеді.
• Жүкті әйелге ұсқынсыз заттар мен дүниелерге қарауға болмайды. Жүкті кезінде әдемі дүниелерге ғана мән берген келіншектердің сәбилері де сұлу болады деген ырым бар.
• Жүкті әйелдің кіндік шеше аталмағаны абзал.
• Босану кезінде қиналады деп, аяғы ауыр әйелдерге түйме қадауға немесе киім жамауға рұқсат етпейді.
• Ұл туғысы келсе, келіншек еркектің қару-жарағын, қыз туғысы келсе – жүзік-сырғаны, моншақты, қызыл түсті матаны жастанып жатады.
• Екіқабат әйел қоян етін жемейді, жесе баласы қоянжырық болып туады деп ырымдайды.
• Жүкті әйелге бірдеңені майыстыруға немесе кесуге болмайды, ара, қайшы ұстатпайды. Әйтпесе мерзімінен бұрын босанады.
• Екі қабат әйел керулі тұрған және шұбатылып жатқан арқаннан аттамайды. Бұлай істесе босанған кезде баланың кіндігі мойнына оралып, өміріне қауіп төнеді деп ырымдалады.
• Жүкті келіншекке ырымдап, түйе сүтін, шұбатын ішкізбейді, түйе етін жегізбейді. Себебі, жүктілік уақыты ұзарып кетеді деп есептеген. Бұл ырым түйе ботасын 13-14 ай көтеретінімен байланысты болса керек.
• Әйел толғатқанда үй ішінде ілулі тұрған заттар алынады. Сандықтардың аузын ашып қояды. Осылай істелсе толғақ жеңіл болады деп ырымдалады.
• Жүкті әйел жаназаға бармайды. Сүйек жерге қойылып, жаназасы шығарылған соң ғана баруға рұқсат.


Қазақ халқында жүкті әйелге қатысты дәстүрлер мыналарды қамтиды:

Жүкті әйелдің көңіл-күйін бақылау, жақсы сөз, жақсы көзбен қарау.

Жүктіліктің алғашқы үш айын қатерлі санаған.

Әйел босанарға таяу күндері аяқ-қолы бүтін ақсарбас қойды қалжаға дайындап қоятын. Әйел болғаннан кейін қалжаның оң жағындағы жілігі мен барлық мүшесі асып, жас босанған әйелге қалжа жегізетін болған.


фото: kaz.nur.kz

Шарана шайқау

Жаңа түскен жас келін туыс ауылдарды қыдырып жүргенде, көпті көрген даңсалы бәйбшелер, жас келінге «шілде суына сал» деп күміс теңге, моншақ-маржан, жүзік, сырға сияқты бұйым береді. Жас келіншек босанғанда, баланы шаранасынан шайқап жуып тазартады. Шарана суды қазақтар шілде суы деп атайды. Бағанағы берген нәрселерді суға салады, оны баланы шомылдырған әйелдер таласа-тармаса шарана суын шайқап алады. Оны қазақ кәдесінде «шарана шайқау» деп атайды.


Кіндік шеше

Қазақтың салтындағы үлкен бір сыйлы ана, мол каделі әйел «кіндік шеше» болып табылады. Туыт үстінде баланың кіндігін кескен әйелді «кіндік шеше» деп атайды. Қазақтар екінің бірі, егіздің сыңарына баланың кіндігін кестіре бермейді, қол-аяғы жеңіл, ауылда, ел ішінде беделі бар, мінезі жайраң қаққан, ақ еділ аналарға ғана кестіреді. Өйткені бала кіндік кескен адамға тартады, кіндік апасы қандай болса, балада дәл сондай болады деп ырымдайды. Кіндік жолын алған әйел балаға ит көйлек әкеп кигізеді. Бала қырқынан шыққанша қарап, тамақ жасап беріп көмектеседі. Әуелі үлкен азамат болғанда, азамат боп толғанда да кіндік апасын құрметтеп, кадесін өтеп жүреді. Кіндік апасына мал береді, киіт кигізеді.


Құрсақ той

Қазақтың көне жолында, келіннің ауыр аяқ екенін біле қалған енесі қатты қуанады. «қағанағы қарық, сағанағы сарық» боп қуанышын жасыра алмайды. Келіннің және құрсақтағы нәрестенің амандығын тілейді де, көрші-қолаңдарына, туыс-туғандарына «құрсақ той» өткізіп береді. Атаулы мерекенің мақсаты жақсы жаңалықпен бөлісіп, дастархан басында әйелдер қауымы келінмен өмірлік тәжірибелерімін бөлісіп, ақыл-кеңестерін беріп, үлкендер жағы жүкті адамның күтімі жайлы өсиетін айтып, сондай-ақ аман-есен босануын тілеп, бата беруінде болып табылады.

Егер келіннің жүкті болғанын алғаш болып оның абысындары білетін болса, қазақи салтқа сүйене отырып енесінен сүйінші сұрайтын болған. Ал енесі сүйіншісін беріп, оның арты құрсақ тойға жалғасса, бала дүниеге келген соң шілдеханаға ұласатын болған.

Келген әйелдер жақсы тілек айтады. Нәресте дүниеге аман келсін деп қолжаулықтарын үй босағасына іліп кетеді. Онысы «қол-аяғымыз жеңіл болсын, үйдегі бақыт бізбен еріп кетпесін» дегені.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Оқи отырыңыз:


Неге МҰНЫ айтпай асты жеуге ТЫЙЫМ салынған?


Қалыңдық «ШАРҒЫ» дәстүрін орындауы шарт па?