Тауық бар жерге ҮШ «БӘЛЕ» жоламайды

0
1 535

Періштені көргенде әтеш шақырады


Тауық бар жерге ҮШ «БӘЛЕ» жоламайды

фото: agroinfo.kz

Мұхамбет пайғамбар миғражда үлкен қоразды көріпті. Ол Ұлық Алланы мақтап-мадақтап, зікір айтып тұр екен. Сахар мезгілі жақындағанда жерге түсіп:

– Ей, момындар, тұрыңдар,

Зікір айтқын сахарда.

Хаққа құлдық қылыңдар;

Нұр таратып жаһанға, – деп шақырады екен.

Оның дауысын естіп, жер бетіндегі барлық қораздар жұртты оята бастапты. Қораздың сахарда шақырғаны Алланы еске алғаны екен. Ән Хазірет миғраждан келген соң, сахабаларына:

– Тауық асыраңдар. Сауабы мол болады. Тауық бар жерге үш бәле жоламайды: жын-перінің шәрі келмес, сиқыршының дуасы өтпес, бақсының жыны жетпес, – деп насихат айтыпты. Содан бастап мұсылмандар тауық асырауға мән берген екен.

Жүрек көзі ашылған әулие адамдарда тауықтың шақырғанын жәй ғана дыбыс деп емес, мақұлықтың құлшылығы деп біледі. Оған дәлел Шәкәрім Құдайбердіұлының «Тауық неге шақырар сағат сайын…» деп басталатын өлеңі. Ақын осы өлеңінде хайуанның қылығын басқаша қырынан сипаттайды.

Тауық неге шақырар сағат сайын;

Дей ме уақыт өткенiн ұқтырайын…

Олар деп тұр: «Oйға алып бiр Құдайын,

Зор құдiретiн әлемге ұқтырайын».

Құлшылық, намазы мен иманы – сол,

Күнде бiр, айында бiр, сағат сайын.

Кейбір аңыздарда «қораз шақырса, періштені көреді. Қарға қарқылдаса, шайтанды көреді» деп ырымдайды.

Осы аңызды бала күнімізден естіп келеміз. Өйткені, ауылда туып, ауылда өстік. Ауыл тіршілігі әмбеге аян. Мал асырап, егін егіп, шаруа етіп күн көреді ауылдың тұрғындары.

фото: razrisyika.ru

Ауылда тауық асырамайтын адам жоқтың қасы десек те болады. Бірақ әрине, тауықтың жүрген жері береке. Тауықтарға жем-су беріп, қорасына қамап ұстасаң да болмайды, бір ауық сыртқа шығару керек. Сондай кезде лезде айналаны бүлдіріп тастайтын тауықтардан мезі болып, балалықпен «осы тауықтардың жүрмейтін жері жоқ. Сатып немесе сойып құтылайықшы. Жұмыртқасын сатып-ақ ала салуға болады ғой» дейтінбіз.

Өйткені қонақтаған жерін ластап, ауланы қайта-қайта сыпырып тазалауға тура келетін. Сондай машақатынан қашып айтатын сөзіміз болуы керек, сонда үлкендер осы аңызды айтып, сабамызға түсіретін, ойландыратын.

Шынында да таң қылаң бере бастағаннан оятатын әтештің дауысы азанның дауысындай емес пе?! Ал тауықтардың қыт-қыттап айналаның тыныштығын бұзғаны тіршіліктің жандана бастағанын білдіріп тұратындай сезім екен.

Ауылға бара қалсақ, осындай берекенің шырқын бұзғың келмей, балалық шақтың естелігіндей тамсанып қайтатынымыз бар.

Шынында да аңыз әңгімеде айтылғандай, «қораз әр таңда шақырып, періштені көріп тұрса» сол аулада береке орнамағанда қайтсін?!

Ала таңнан оятатын әтеш пен тауықтар бар жерге шынында да «үш бәле» жоламасын. Мүмкіндігіңіз болып жатса, сіз де тауық асыраңыз.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Оқи отырыңыз:


«Бес» санының қасиеті


Әр күннің ҚАСИЕТі бар