​СҮНДЕТ ТОЙ жасағанда алтынды кім тағу керек?

0
15 139

Тойда жасалатын ғұрыптар дұрыс жасалып жүр ме?


​СҮНДЕТ ТОЙ жасағанда алтынды кім тағу керек?

Халқымызда «ас көп болса, кәде көп» деген сөз бар. Шындығында солай. Бүгінде кәденің түр-түрі бар. Олардың кейбірі-көнеден келе жатқан көз үйреніп, көңілімізде орныққан салт-дәстүр, кәде-кәумет. Десек те, уақыт өте келе өзгерістерге ұшыраған дәстүрлер де кездеседі. Соның бірі- сүндет тойда жасалынатын ғұрыптар, салттар.


Сүндет той негізінен міндетті түрде жасалатын той, ат шаптырып, дүйім елге ұлының азамат болғанын, атқа мінгенін, шариғат жолын ұстанып, сүндетке отырғанын тойлайтын дәстүр.

Бұрын қалай болғаны белгісіз, бірақ бертін келе сүндет той да үйлену тойы секілді маңызға ие болды. «Мұсылман» болып, алғаш рет ашамайға мініп, азамат болған өренге нағашылары тай мінгізеді. Бұл салт қазірде барлығы қаржылай орындалатын болып жүр.


фото: moldir-bulak.kz

Сүндет тойларда да нешетүрлі кәделер көбейді. Сүндет той жасау үшін сүндетке отырғызылған баланың нағашылары жаққа да, әке-шешесіне де аз салмақ түспейді. Өйткені, сый-сияпат берудің де жөні өзгеріп жатқан сияқты. Бәлкім әркім өз білгенінше кәде қосып, салттар жасай бере ме екен?


Мұны айтып жатқан себебім, жақында ғана сіңлімнің осы туралы айтқан уәждері ойландырып тастаған болатын.

«Әпке, қара шаңырақтағы қайнағам мен абысыным ұлдарына сүндет той жасағалы жатыр. Той десе қу бас домалайтын қазақ емеспіз бе, той болады деп қуанып жүрдік. Абысыныма да «жеңге, бізден қандай көмек қажет? Қызметтеріңізге әзірміз ғой, қайныңыздың асаба жолдасы бар, соған сөйлесіп берейік» деп өзімнің қолымнан келгенше жасай алатын, шамам жететін жұмыстарды айтып жатыр едім, абысыным тоқтатты.

«Біз барлығын дайындап қойғанбыз. Тойды ашып беретін үш ақсақалға шапан, әжелерге кәжекей алып қойдым. Енді той иесіне де сыйлық жасау керек қой.

Соны сендер, яғни үш келін бірігіп маған алтын алқа тақсаңдар. Ол сендердің де, менің де абыройым. Көпшіліктің алдында абысын-ажынның татулығын да дәріптейміз, оның үстіне ертеңгі күні бұл күн сендерге де келеді. Сол кезде алдарыңа келетін нәрсе ғой бұл алыс-беріс деген. Есесіне елдің есінде қалады» деп отыр. Біз не дей аламыз, үш келін де абысынымыздың айтқанымен келістік. Енді соған алтын тағуымыз керек.

Той жақындап қалды, ақшаны да жинай алмай жатырмыз. Әпке, түсінесіз ғой, ақша тірінде бар, бірінде жоқ. Бірі оңай тауып берсе, екіншісі қиналады деген сияқты. Оның үстіне, біздің алтынға деп жинап жатқанымыз сүндет тойға беретін тойанамыздан бөлек. Күйеулеріміз олар да тойанаға деп қомақты қаражат беруі керек.

Ол міндетіміз ғой, бауыры той жасап жатқанда, ол міндетті түрде беріледі, ал ерлі-зайыптыны екі бөліп, әйелдер алтынын, ерлер ақшасын деген және оны талап ету, сұрау қаншалықты дұрыс білмеймін.

Соған әпке сізден өтініш сұрайын деп едім, маған сол алтынға жинап жатқан қаражаттың көлеміндей ақша тауып бере аласыз ба? Мойныма қарыз қылмаймын, көп ұзатпаймын құтыламын ғой» деп қиылды.

Сұрағаны аз ақша емес. Сонда мен сіңліме «Не үшін келіндері бөлек жиналып алтын алқа тағуы керек? Қайнылары бөлек тойанасын беруі керек? Абысыныңа алтын тағу керек болса, оны төркін жағы, аға-інілері тағады ғой. Солардың міндеті ғой ол. Сонда төркін жағына жеңіл болсын деп жасап жатқаны ма?» деп мен де түсінбедім.

Мұндай салт жоқ қой, бұл қайдан шыққан салт? Әлде бала үшін жасалынып жатқан сүндет тойда анасы міндетті түрде алтын алқа тағуы тиіс пе?

Сіздің бұған алып-қосарыңыз бар ма?

Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Бесікті сатып аларда САУДАЛАСПАЙДЫ

ҚҰДАЙЫ АСқа неге ТАҚ САНДЫ нан апарады?