Балаларыңызды бір-бірінен артық санай көрмеңіз

0
337

Кейбір ата-аналар «Бала менікі, оған не істесем де өз еркім. Ешкім мені бұл әрекетім үшін жазалай алмайды» деп ойлайды.


Балаларыңызды бір-бірінен артық санай көрмеңіз

фото: thechillmom.com

Ата-аналарға кеңес

Соңғы онжылдықта «балаларға зорлық-зомбылық көрсету» термині біздің өмірімізге еніп, кеңінен айтылып, мәселеге айналғаны шындық. Мұнда біз өз туған балаларын ұрып-соғатын, олармен бір мәмілеге келе алмайтын, тынышы бұзылған отбасылар жайлы айтып отырмыз. Дегенмен ішінен шыққан баласын барлық ата-ананың жақсы көретіні және оларға жақсылық тілейтіні сөзсіз.

Мұны мынадай ситуациялардан анық байқауға болады. Мысалы, көршісі немесе бала күтушісі, туысы, тіпті, күнделікті білім беріп жүрген мұғалімі болсын баласын ұруға тырысса немесе оны қандай да бір жолмен ренжітсе, ата-ана үнсіз қалмайды. Тіпті, олар адам танымастай өзгеріп, оның атына шағым түсіруге дейін баратындары жоқ емес. Бірақ осыған қарамастан кейбір ата-аналар өз баласына қол көтеріп, жәбірлеп, қорлық көрсетіп жатқанын күнделікті жаңалықтардан, әлеуметтік желілерден көріп жүргеніміз жасырын емес.

Мұндай ата-аналар «Бала менікі, оған не істесем де өз еркім. Ешкім мені бұл әрекетім үшін жазалай алмайды» деп ойлайды. Балаға сырттағы адамның дөрекілігі немесе қорлығы қатты әсер етпеуі мүмкін, ал керісінше өзінің туған ата-анасынан көрген зорлық-зомбылығы оның жүрегін ауыртып, психикасын бұзуы ғажап емес.


Баласының артық қылығына, жасаған дұрыс емес әрекетіне, тілалмағанына байланысты ата-ана өз тарапынан агрессия көрсетпеуі үшін не істеу керек? Осы орайда барлық ата-анаға психологтар былай деп кеңес береді:

  • Ең алдымен бір мәселе туындай қалса, балаңызды тыңдап, оның іс-әрекетін түсінуге тырысыңыз. Сізге оның ойымен келісудің қажеті жоқ, бірақ балаға көңіл бөліп, оның өміріне қузығушылық танытқаныңыз балаңыздың өзін жақсы сезінуіне, өмірде орны бар жан екенін білуіне ықпалы тиеді. Мысалы, ата-ананың рұқсатынсыз бала ақша жаратып қойса немесе бір зат сатып алса, тіпті, ұрлыққа барған болса да балаңызды түсінуге тырысуыңыз керек. Мүмкіндігінше бұл жағдайдың қайталанбауына жол бермеудің амалын қарастырғаныңыз жөн.
  • Ересек адам өз талаптарының әділдігіне сенуі керек, балаға олардың себептерін түсіндіріп, оны түсінетініне көз жеткізуі керек. Алайда балаңыздан бірден көп нәрсе талап етпеңіз. Ең бастысы аз-аздан болса да сол талаптардың орындалғанына мән беріңіз.
  • Осындай талаптарды балаға қайталап айтудан жалықпаңыз. Сонымен қатар жоғарыда айтып өткеніміздей қойған талаптарыңыздың дереу орындалуын талап ету де қате. Себебі балаңыздың мінез-құлқының шекаралары мен ережелерін белгілей отырып талап қоя білсеңіз, мұны жеткілікті түрде әділ жасасаңыз, ұл-қызыңыздың алдында қатал ата-анаға айналмайсыз.
  • Балалар кейде ашуланып, сіздің талаптарыңызға қарсылық танытса да, олар сіз көрсеткен тұрақтылықты қабылдайды және бағалайды.
  • Балалар сіздің мінез-құлқыңызға еліктейді және өз әрекеттері үшін жауапкершілікті үйренеді.
  • Кейде ата-аналарға баланың дұрыс емес әрекеті олардың белгілі бір реакциясын талап ететін сияқты көрінеді. Ата-аналар жаман әрекет үшін жаза балаға жақсы нәрсе үйретеді және оның мінез-құлқын жақсы жаққа өзгертеді деп санайды.
  • Ең алдымен балаға оның істеген ісінің жағымсыз жағын түсіндіру керек. Оны дұрыс қорытынды жасайтындай етіп түсіндіріңіз. Балалардың бойында жауапкершілік пен мойынұсынушылық сезімін оятуға, дене жазасын қолданбай, өз әрекеттерін бақылауға үйретуге болатынын ескеріңіз.
  • Балалардың қателіктері мен жағымсыз қылықтары үшін жазалауды ғана ескермей, жақсы мінез-құлқы үшін мадақтап отыруды ұмытпаңыз. Көтермелеу олардың санасында дұрыс әрекет жасау идеясын нығайтады.
  • Мадақтауды жиі қолдану арқылы сіз баланың өзіне деген сенімділігін дамытуға үлес қосасыз.
  • Баланың орынсыз мінез-құлқына өз көзқарасыңызды анық білдіру пайдалы нәтижелерге жол ашары сөзсіз. Сонымен қатар, сіз балаңыз үшін дұрыс мінез-құлық үлгісі екеніңізді есте сақтаңыз.
  • Балалардың өздері ұнатпайтын ережелерге бағынуға мәжбүр болған кезде өздерінің наразылықтарын немесе тіпті ашуларын білдіру мүмкіндігі болғаны жөн.
  • Ұрып-соғудан, айғайлаудан, қорқытудан және қорлаудан аулақ болыңыз - олар сіздің балаларыңызда дұшпандық, өшпенділік пен наразылық сезімін арттыруы мүмкін.
  • Балаларыңызды бір-бірінен артық санап, ерекшелеуге тырыспаңыз. Оның орнына балаңызға махаббатыңызды көрсету үшін барлық мүмкіндікті пайдаланыңыз.


Ата-аналар жиі жіберетін қателіктер:

Өз өмірін алға тартып «Мені де бала кезімде «белдікпен» ұрып-соғып оқытты, әйтпесе кім болатыным белгісіз» деп өз ата-анасы жасаған қателікті қайталайтындар көп. Дегенмен, сол кезде қандай сезімде болғаныңызды есіңізде сақтаңыз. Таяқ жеген адамның қандай күй кешетінін, әлсіз сезімін есте сақтаңыз.

Сондай-ақ, бала менің жеке меншігім және онымен қалағанымды жасауға құқығым бар дейтіндерге не айтамыз?!

Мүмкін, кейде балаға әсеретудің басқа жолы жоқ сияқты, физикалық әсер күш пен беделді қайтаратындай көрінетін шығар. Бірақ қол өздігінен көтерілмейді ғой, мысалы, сіз ашуланған кезде, досыңызға, әріптесіңізге немесе бастығыңызға қарай қолыңыздың көтерілмейтінін, сабыр сақтайтыныңызды ой елегінен бір өткізіп көріңіз.

Мүмкін, дене жазасы ата-аналарды жинақталған ашудан босату ретінде қызмет ететін шығар, бірақ ол балаға ештеңе үйретпейді, тек қорлап, тітіркендіреді.

Физикалық жазалау көптеген отбасыларда жиі кездесетін құбылыс. Сонымен қатар, ата-аналар балаларын мазақ етуді, оларды азаптауды, қорлауды мүлдем қаламайды. Бұл ата-аналар дене жазалауды балалардың бойында мойынсұнушылықты ояту және оларға қабылданған мінез-құлық стандарттарын енгізу құралы ретінде қарастырады. Олар осылайша балаларды адамгершілікке тәрбиелеуге болады деп есептейді.

Тәжірибе көрсеткендей, дене жазасы әрқашан баланың мінез-құлқына байланысты емес, бұл көбінесе ата-ананың жағдайының салдары. Ересектерді күнделікті жағдайлар, жалғыздық сезімі, бала тәрбиелеудегі қиын кезеңде көмектің жоқтығы, жауапкершіліктің ауырлығы жиі қысады. Кейде олар ақша табу, денсаулығы, басқа адамдармен қарым-қатынас мәселесімен айналысады – бұл проблемалар балаларына ашулану арқылы көрінеді. Мұндай жағдайда соққылар жаза емес, тәрбие шарасы емес, ұзақ уақыт бойы жинақталған шиеленістің салдары болып табылады.


Мамандар жүргізген зерттеулерге сүйенер болсақ, баланы тәрбиелеуде жан тыныштығы мен дұрыс мінез-құлық үшін балаға нақты шекаралар мен нақты ережелер қажет. Ол ата-анасының талаптарын қабылдап, олардың әрекеттеріне еліктеу арқылы осы шекараларды анықтауды үйренеді. Ата-анасының қасында да, олар жоқта да өзін бірдей ұстайтын бала – тәуелсіз, өзін-өзі басқара алатын, жауапкершілік сезімі дамыған тұлға. Бірақ бұған қол жеткізу соншалықты оңай емес, ол үшін сізден көп еңбек, сабырлылық талап етіледі.

Психологтар ұсынған кеңестерге құлақ түріп, өзгерісті өзіңізден бастап көріңіз. Бәлкім, сонда сіз балаңыздың емес ең алдымен өзіңіздің өзгергеніңізді байқайтын боларсыз. Бала – ата-ананың айнасы деп бекер айтылмаған ғой!

Дайындаған: Құрманкүл Әти,

бастауыш сынып мұғалімі.


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


Балаға алғашқы телефонды қай уақытта алып берген дұрыс?