Балаңыз 3 жасқа толса, міндетті түрде фитнес залына алып барыңыз.
Заманауи өмір салтымызға айналдырып үлгерген фитнеспен тек ересектер ғана емес, бүлдіршіндеріміз де айналыса алады. Бүгінгі күні балалар фитнесінің танымал болуын оған деген сұраныстың артуынан аңғарамыз. Бірақ, көптеген ата-аналар оны қарапайым дене шынықтыру жаттығуларымен шатастырады. Бұл – қате түсінік. Балалар фитнесінің мектептегі дене шынықтыру сабағынан немесе спорт секциясындағы жаттығулардан қандай айырмашылығы бар?
Ең алдымен фитнес залдарындағы жаттығулар арнайы дайындалған бағдарлама бойынша өткізіледі. Мұндай бағдарламалар баланың физикалық мүмкіндіктеріне және жас мөлшеріне орайластырып жасалынады. Бала болғандықтан ол қарапайым жаттығудан тез жалығуы мүмкін. Сол себепті жаттығулар ойын түрінде жүргізіледі. Ойын баласы ойнап жүріп-ақ бойын сергітеді, икемділігін арттырып, әрі дене бітімін дұрыстайды. Сонымен қатар, бала бойындағы артық энергияны шығаратыны тағы бар.
Екіншіден фитнеспен шұғылданған баланың мүмкіндігіне баға қойылмайды. «Өзгелердің жасағанын жасай алмадым немесе тиісті көрсеткішке жетпедім» деп қамығудың қажеті жоқ. Міне, сондықтан да бала бұл жерде өзін еркін сезінеді. Өзіне сенімділігі артып, күш-қуаты толысады.
Балалар фитнеспен 3 жастан бастап айналыса алады. Дегенмен, баланың жатығуларға қарсы көрсетім болмағанын ескеру керек. Топ бүлдіршіндердің жас мөлшеріне қарай құрылып, оларға сай келетін бағдарлама мен уақыт ұзақтығы белгіленеді. 3-5 жастағы балалар үшін жаттығу уақыты 20-30 минуттан аспайды. Ал, 11-14 аралығындағы балалар 40-60 минут көлемінде шұғылдана алады.
Қандай пайдасы бар?
Балалар фитнесінің пайдасы талас тудырмайды. Дене жаттығулары бір уақытта барлық бұлшықеттерді шынықтыруға бағытталады. Бұл баланың жүріс-тұрысын дұрыстап әрі қимылын ширақ етеді. Фитнеспен тұрақты түрде айналысқан балалардың сымбатында мін болмайды дейді мамандар.
Сонымен бірге, фитнес жүрек-қан тамырлары және жүйке жүйесінің жұмысын жақсартып, тыныс алуды реттеп, тірек-қимыл жүйесін мықты ете түседі. Оның пайдасы мұнымен де шектелмейді. Физикалық жаттығуларды орындау арқылы баланың иммунитеті көтеріліп және денсаулығындағы кейбір кінәраттардың (денені түзу ұстамау) алдын алуға болады.
Баланың денсаулығы ғана жақсарып қоймайды, психологиялық дамуына да оң әсерін тигізеді. Жаттығу барысында баланың бойындағы адамдармен тіл табысу, көшбасшылық қабілеті оянуы бек мүмкін. Өзге балалармен жақсы қарым-қатынас орнатады. Топ ортасында өзін қалай ұстау керектігін үйренеді. Егер балаңыздың бойында қорқыныш немесе ұялшақтықтың белгісін байқасаңыз, ойланбастан фитнеске жазылыңыз. Ойын түрінде жүргізілетін жаттығулар оның әр қырынан ашылуына мүмкіндік береді. Өзін ұстауды және өзін-өзі бақылауды, логикалық ойлауы дамиды. Ұйқысы тынышталып, сергектігі еселенеді.
Кейбір балалар тумасынан аса белсенді болып келеді. Осындай балаларға міндетті түрде фитнеспен шұғылдануға кеңес береміз.
Жаттығудың орындалуға тиісті 3 кезеңі
Ширату. Жаттығуға кіріспес бұрын бұлшықеттерді ширатып, дененің құрыс-тырысын жазып алған дұрыс. Барлық қимыл бұлшықетті қыздыратын қарапайым жаттығулармен басталады.
Негізгі кезеңде жаттығуларды орындау үшін фитнес бағдарламасының түріне қарай (степ, йога, аквааэробика т.б.) арнайы құралдар қолданылады.
Тоқтап-тоқтап жаттығу жасау арқылы баланың тыныс алуын, жүрек соғысының қалыпты болуына әсер ететін жаттығу түрлері орындалады.
Балалар фитнесінің ең негізгі түрлері:
- Лого-аэробика. Фитнестің бұл түрінде қысқа тақпақтар мен дыбыстарды қайталап айту арқылы жаттығулар жасалынады. Осылай баланың денесі ғана жаттығып қоймай, сөйлеу қабілеті де жақсарады.
- Капоэйра. Би мен сайыскерлік өнерді қатар ұштастырған фитнестің кең танымал түрі.
- Аң-аэробика. (Зверо-аэробика) Кішкентай жастағы бүлдіршіндерге лайықты жаттығудың түрі. Жануарлар қимылын салу арқылы жасалынатын жаттығулар олардың көңілінен шығатыны анық.
- Фитболмен (үлкен иілгіш доп), массажды кілем және арқанмен жасалынатын фитнес.
- Аквааэробика. Суда жүзгенді ұнататындардың көңіліне қонымды болады. Судың ішінде, әдемі әуен аясында жаттығу жасау өте керемет көңіл күй сыйлары анық.
Балалар фитнеспен тек жаттығу залдарында ғана айналыспайды. Үй жағдайында да жасай алады, тек жаттықтырушының қатаң бақылауы болғаны абзал. Үй жағдайында жасалынатын жаттығулардың кемшін тұстары бар. Көпшілікпен етене-жақын араласпай, тек өзі ғана айналысқандықтан аса қызықты болмауы мүмкін.
Суреттер ашық дереккөздерден алынды
Денсаулыққа қауіпті ме?
Балалар фитнесіне айтарлықтай қарсы көрсетілім жоқ. Бұл оның бала денсаулығына кері әсерін тигізбейді дегенді білдіреді. Тіпті балаңыздың созылмалы ауруы болса да сіз оған лайықты жаттығу түрін таңдай аласыз. Егер баланың омыртқасы ауыратын болса, оған аквааэробика өте пайдалы. Ал астма мазаласа жүзуден бас тартып, йогаға жазылыңыз. Дегенмен, жаттығу залына бармас бұрын балалар дәрігерінің кеңесін де тыңдағаныңыз артықтық етпейді.
Аударған: Н.Налтай,