Қанда жағдайда қорықпауға болады? Қандай жаттығулар көмектеседі?
Сурет: ЖИ
Мойын әр қозғалған кезде шықырлау немесе сықырлау дыбысы жиі шықса, бұл алаңдатуға тиіс. Алайда кей-кейде болатын қытырлау омыртқаның бұзылысын немесе онда міндетті түрде мәселе барын білдірмейді.
Мұнда ескеретін бір нәрсе: қытырлау ауырсынумен және басқа белгілермен қатар жүре ме, жоқ па – соған назар аудару.
Мойын неге қытырлайды?
Мойын қозғалған кезде буындар, байламдар мен бұлшықеттер өз қалпын аздап өзгертеді. Кейде дыбыс буын беттерінің қозғалуынан немесе буын сұйықтығында газ көпіршіктерінің түзіліп, кейін жарылуынан пайда болады.
Сондықтан мойын омыртқасы сап-сау адамның өзінде де сықырлаған дыбыс естілуі мүмкін.
Жиі кездесетін себептері:
- буындардың табиғи қозғалысы;
- бұлшықеттердің керілуі;
- бір қалыпта ұзақ отыру;
- басты күрт бұру;
- буындардағы жасқа байланысты өзгерістер.
Ауырсынусыз сықырлау ауыр аурудың белгісі болып саналмайды. Жаттығулардың мақсаты – міндетті түрде мойынды қытырлату емес, қозғалысын жақсартып, бұлшықет кернеуін азайту.
Мойынды әдейі қытырлатуға бола ма?
Қытырлаған дыбыс шығару үшін басты үнемі күрт бұру немесе шалқайту – жақсы әдет емес. Егер сіресіп қалған мойынды жазып алғыңыз келсе, оны баяу және өзіңізге жайлы қозғалыс шегінде жасаған қауіпсіздеу.
Мойынды күрт айналдырып, қытырлатуды оны қозғалту немесе жаттығу жасау деп санамау керек. Оның орнына баяу қимылдап, бұлшықеттердің босаңсуына мүмкіндік берген дұрыс.
Мына жаттығуларды жасап көруге болады:
- басты оңға және солға баяу бұру;
- басты оң және сол жақ иыққа қарай кезекпен-кезек ақырын еңкейту;
- иықты көтеріп-түсіру арқылы босаңсыту;
- ұзақ отырғаннан кейін жеңіл жаттығу жасау.
Барлық қимыл баяу орындалып, ауырсыну тудырмауы керек.
Қай кезде қауіпті емес?
Егер мойын еркін қозғалса, ал сықырлау ауырсынумен немесе басқа жағымсыз сезімдермен қатар жүрмесе, көбіне алаңдауға негіз жоқ. Әсіресе дыбыс анда-санда ғана шығып, уақыт өте күшеймесе, әдетте қауіпсіз.
Көбіне бәрі қалыпты, егер:
- ауырсыну болмаса;
- мойынның қозғалысы шектелмесе;
- қолда ұю сезімі болмаса;
- бас айналмаса;
- сықырлау жарақаттан кейін пайда болмаса.
Мойынды күрт бұрып әдейі қытырлатуға тырыспаңыз. Мұны себепсіз және үнемі қайталаудың қажеті шамалы.
Компьютерде отырудың қатысы бар ма?
Компьютер алдында бірнеше сағат отыру немесе телефонға ұзақ қарау кезінде мойын мен иық бұлшықеттері үнемі кернеуде болады. Ұзақ уақыт қимылсыз отырғаннан кейін қозғалғанда буындар бұрынғыдан да қатып, сіресіп қалғандай сезілуі мүмкін. Сондықтан бір қалыпта ұзақ отыру керек болғанда, арагідік үзіліс жасап, қимылдап тұру қажет.
- Әр 30–60 минут сайын қысқа үзіліс жасау;
- дене қалпын өзгертіп отыру;
- мойынды ауыртпай, жайлы амплитудада ақырын қозғалту;
- монитордың биіктігін дұрыс реттеу қадамдары мойын саулығын сақтауға септігін тигізеді.
Әр сағат сайын кем дегенде 2–3 минут орныңыздан тұрып қозғалған дұрыс. Бір қалыпта сағаттап отырғаннан гөрі бұл әлдеқайда пайдалы.
Қай кезде мойынның сықырлауына мән берген жөн?
Егер сықырлау ауырсынумен немесе басқа да әдеттен тыс сезімдермен қатар пайда болса, оны жай ғана буындардың қалыпты құрылымы деп қабылдауға болмайды. Әсіресе белгілер сақталса немесе күшейе түссе, дәрігерге қаралған дұрыс. Мына жағдайларда тексеруден өткен жөн:
- мойында тұрақты немесе қатты ауырсыну пайда болса;
- ауырсыну иыққа немесе қолға таралса;
- аяқ-қолда әлсіздік немесе ұю сезімі пайда болса;
- мойынның қозғалысы айтарлықтай шектелсе;
- сықырлау құлағаннан немесе басқа жарақаттан кейін басталса.
Ауырсыну, ұю немесе әлсіздік қатар байқалса, өз бетіңізше емделмей, міндетті түрде дәрігердің бағалауынан өткен дұрыс.
Мойынды бұрған кезде сықырлаған дыбыстың шығуы жиі кездеседі және оның өзі әдетте ауыр ауруды білдірмейді. Егер ауырсыну, ұю, әлсіздік немесе қозғалыстың шектелуі болмаса, жағдайыңызды бақылап, көбірек қимылдауға көңіл бөлген жеткілікті.
Төре СЕЙІТХАН,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


