Себебі неде? Одан құтылу жолдары бар ма?
Сурет: ЖИ
Жаттығу жасауды не жүгіруді қолға алсаңыз, енді қыза бастағанда бүйіріңіз шаншып, тоқтуға мәжбүр боласыз ба? Мұндай жағдай әсіресе шынығуды жаңадан бастаған адамдарға таныс. Оның себебі неде? Бұл қауіпті белгі ме және мұндай ауырсынудың алдын алуға бола ма?
Белсенді физикалық қимыл кезінде кенеттен бүйірдің шаншып ауыруы спортпен айналысатын адамдар арасында жиі кездесетін жағдай. Ғылыми шолуларға қарағанда, жүгірушілердің шамамен 70 пайызы мұндай ауырсынуды жылына кем дегенде бір рет сезінеді. Тіпті кәсіби спортшылар арасындағы жарыс кезінде шамамен әр бесінші қатысушыда осындай жағдай болуы мүмкін.
Ауырсыну қандай болады?
Бүйірдегі ауырсыну әр адамда әртүрлі сезіледі. Кейде ол өткір, шаншып ауыртады, кейде іштің бұлшықеті тартылып қалғандай, сыздап немесе бүріп ауырғандай болады. Әдетте ауырсыну адам жүгіруді бәсеңдеткенде немесе тоқтағанда бірнеше минут ішінде басылады. Сондықтан көп жағдайда ол қауіпті емес.
Ауырсынудың ерекшелігі – оның нақты бір жерде сезілуі. Адам ауырған жерін қолымен дәл көрсете алады.
Көбіне ауырсыну қабырға астындағы оң жақ бүйірден байқалады. Сол жақ бүйірден сезілуі де мүмкін. Кейде іштің басқа бөліктерінде, мәселен, кіндік айналасында, құрсақтың жоғарғы бөлігінде, қабырға астында немесе жамбасқа жақын болады.
Неге дәл жүгіру кезінде пайда болады?
Бұл сұрақтың нақты жауабы әлі жоқ. Бұрын ғалымдар мұндай ауырсынудың басты себебі диафрагманың қанмен жеткіліксіз қамтамасыз етілуі немесе түйілуі деп есептеген. Себебі диафрагма тыныс алуға қатысатын негізгі бұлшықеттердің бірі, ал жүгіру кезінде тыныс алу жиілейді.
Алайда кейінгі зерттеулер бұл теорияның барлық жағдайды түсіндіре алмайтынын көрсетті. Мысалы, бүйірдің шаншуы тек жүгіру кезінде емес, дене көп қозғалып, ішкі ағзалар шайқалатын басқа спорт түрлерінде де кездеседі. Сондықтан қазіргі таңда бірнеше болжам бар:
- Ішперденің тітіркенуі
- Тамақтан кейін жүгіру
- Суды көп ішу
Кімдерде жиі кездеседі?
Бүйірдің шаншуы кез келген адамда болуы мүмкін. Дегенмен кейбір адамдарда оның ықтималдығы жоғарырақ.
- Жас адамдарда
- Жаттығуды жаңадан бастағандарда
- Дене қалпы дұрыс емес адамдарда
- Тамақтан кейін жаттығатындарда
Қызығы, тіпті жақсы дайындалған кәсіби спортшылардың өзі мұндай жағдайдан толық қорғалмаған.
Ауырсынуды елемеуге болмайды
Егер ауырсыну әр жаттығуда қайталанса, бұрынғыдан күшейсе немесе физикалық белсенділікті тоқтатқаннан кейін де ұзақ уақыт сақталса, маманға қаралған жөн. Себебі бүйірдегі ауырсынудың бүйрек, бұлшықет, қабырға немесе ішкі ағзаларға байланысты басқа себептері де болуы мүмкін.
Бүйіріңіз шаншып кетсе, не істеген дұрыс?
Ең алдымен жүгіру қарқынын бәсеңдетіңіз. Ауырсыну күшейсе, тоқтап, біраз уақыт жай жүріңіз. Кейде мына тәсілдер жақсы көмектеседі:
- терең әрі бірқалыпты тыныс алу;
- ауырған жерді қолмен жеңіл басу;
- денені ауырған жаққа қарама-қарсы бағытта ақырын созу;
- денені сәл алға еңкейту;
- жүгіру қарқынын төмендету немесе уақытша тоқтату.
Дегенмен бұл әдістердің барлығы бірдей ғылыми зерттеулермен толық дәлелденбеген. Сондықтан ауырсынуды күштеп жеңуге тырыспаған жөн. Денеңізге демалыс беріңіз.
Алдын алуға бола ма?
Бүйірдің шаншуын жүз пайыз болдырмаудың нақты жолы жоқ. Бірақ оның қаупін азайтуға болады.
1. Жаттығу алдында тойып тамақтанбаңыз
Жүгіруге бірден қалғфизикалық белсенділік алдында көп тамақ жеу асқазанға салмақ түсіруі мүмкін. Зерттеулерде жаттығуға дейін кемінде екі сағат бұрын көп мөлшерде тамақ пен сұйықтық қабылдамау ұсынылады. Егер бүйіріңіз жиі ауырса, жаттығуға дейінгі тамақтану уақытын өзіңізге ыңғайлап өзгертіп көріңіз.
2. Суды бірден көп ішпеңіз
Сұйықтықты аз-аздан ішкен дұрыс. Әсіресе жаттығу алдында қысқа уақытта көп мөлшерде сусын ішіп алмауға тырысыңыз.
3. Дене қалпыңызды бақылаңыз
Жүгірген кезде денені шамадан тыс артқа шалқайтпай, табиғи қалыпта ұстаған жөн. Арқа мен иықты бос ұстауға тырысыңыз. Егер дене қалпына қатысты мәселе бар болса, жаттықтырушы, физиотерапевт немесе спорт дәрігерінен кеңес алған дұрыс.
4. Дене бұлшықеттерін күшейтіңіз
Жаттығу бағдарламасына іш пен белді тұрақтандыратын қозғалыстарды қосуға болады. Мысалы, шынтаққа сүйеніп планка жасаңыз. Содан кейін оң қолыңыз бен сол аяғыңызды бір уақытта көтеріп, осы қалыпта шамамен 3 секунд тұрыңыз. Бастапқы қалыпқа оралып, енді сол қолыңыз бен оң аяғыңызды көтеріңіз.
Зерттеулердің бірінде бұл жаттығу іштің көлденең бұлшықеттерін жақсы жұмыс істететіні анықталған. Ал егер планкада бір уақытта қол мен аяқты көтеру қиын болса, «құс-ит» жаттығуын жасауға болады.
Бүйіріңіз ауырған кезде оны елемеуге тырысып, қозғалысты белсенді жалғастырмаңыз. Көп жағдайда жылдамдықты бәсеңдетіп, баяулаудың өзі жеткілікті. Ал ауырсыну жиі қайталанса немесе ұзақ уақыт басылмаса, оның себебін анықтау үшін дәрігерге қаралған жөн. Мұндай белгінің артында бүйірдің қарапайым шаншуынан тереңірек медициналық себеп болуы мүмкін. Оны дәрігер анықтауы керек.
Дайындаған: Төре СЕЙІТХАН,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
Екі БӨТЕЛКЕ су БҰЛШЫҚЕТті шынықтырады
ОНЛАЙННЫҢ 10 қағидасы: ЖҰМЫС ЧАТТАРЫнда әр ҚЫЗМЕТКЕР сақтауы тиіс


