1 қазаннан бастап банктер онлайн тұтынушылық несие рәсімдеу кезінде клиенттерге сауалнама жүргізеді

0
77

Құжат жеке тұлғаларға бұрын алған несиесін басқа банкте қайта қаржыландыру үшін қарыз беру тәртібімен толықтырылды.


1 қазаннан бастап банктер онлайн тұтынушылық несие рәсімдеу кезінде клиенттерге сауалнама жүргізеді

Фото: pexels

ERNUR.KZ. 2026 жылғы 1 қазаннан бастап банк қызметін жүзеге асыру шарттарына қойылатын талаптардың бірқатар тармағы күшіне енеді, деп жазады zakon.kz.

Талаптар екінші деңгейдегі банктерге, ислам банктеріне, Қазақстанда жұмыс істейтін бейрезидент банктердің филиалдарына және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қолданылады.

Атап айтқанда, құжат жеке тұлғаларға бұрын алған несиесін басқа банкте қайта қаржыландыру үшін қарыз беру тәртібімен толықтырылды. Банк клиенттің басқа банктегі қарызын немесе микроқаржы ұйымындағы микрокредитін өтеуге арналған соманы сол қарыз берілген банкке не микроқаржы ұйымына тікелей аудару үшін қарыз алушының келісімін алуы тиіс.

Қайта қаржыландыру сомасы бұрынғы қарызды берген банктің шотына түскен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей берешекті өтеуге жұмсалады. Бұл үшін қарыз алушыдан несиені мерзімінен бұрын ішінара немесе толық өтеу туралы бөлек өтініш талап етілмейді.

Егер түскен сома қарызды толық өтеуге жетпесе, банк шотына түскен қаражат көлемінде мерзімінен бұрын ішінара өтеуді жүзеге асырады. Бұл рәсім банк қарызы шартында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

Сонымен қатар онлайн несие рәсімдеу кезіндегі алаяқтықтың алдын алу үшін қосымша шаралар енгізіледі. Банк жеке тұлғамен интернет арқылы мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық несие шартын жасамас бұрын оған сауалнама жүргізуге міндетті.

Сауалнама нәтижесінде алаяқтық белгілері немесе клиенттің үшінші тұлғалардың ықпалымен әрекет етіп жатқаны анықталса, банк несие алу мән-жайын қосымша тексереді. Сондай-ақ клиентке ықтимал алаяқтық әрекеттерге байланысты қауіптерді түсіндіреді.

Қосымша тексеру нәтижелері мен анықталған мән-жайларға қарай банк мына шешімдердің бірін қабылдайды:

  • банк қарызы шартын жасасу;
  • анықталған мән-жайлар жойылғанға дейін шарт жасасуды тоқтата тұру;
  • шарт жасасудан бас тарту.

Егер банк клиенттің дербес деректері заңсыз таратылғанын анықтаса, қосымша қауіпсіздік шараларын қолданады. Олардың қатарында:

  • клиентті биометриялық сәйкестендіруден қайта өткізу;
  • клиенттің жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) ұялы байланыс операторының дерекқорындағы телефон нөмірі иесінің ЖСН-імен салыстыру арқылы нөмірдің клиентке тиесілі екенін тексеру немесе "цифрлық үкімет" веб-порталы арқылы ұялы байланыс желісінің абоненттік нөмірлері базасындағы мәліметтерді салыстырып, нөмірдің оған тиесілі екені туралы ақпарат алу;
  • клиент көрсеткен ұялы телефон нөміріне тексеру қоңырауын шалып, дербес деректерінің ұрланғанын хабарлау және несие рәсімдеуге ерікті түрде тыйым қоюды ұсыну бар.

Алаяқтық белгілерін анықтау үшін банк интернет арқылы қарыз шартын жасасуға қатысты материалдарды сақтауға міндетті. Оларға операциялардың жүргізілген уақыты, клиентті сәйкестендіру барысында алынған ақпараттық жүйелер туралы деректер, жасалған транзакциялар және клиентке жіберілген хабарламалар (SMS, push-хабарламалар, колл-орталық қоңыраулары) жатады. Бұл материалдар шарт бойынша тараптардың міндеттемелері тоқтағаннан кейін кемінде бес жыл сақталуы тиіс.

Сондай-ақ жеке тұлға интернет арқылы мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық несие шартын жасасқан кезде алаяқтық жағдайларын анықтауға және алдын алуға арналған сауалнама нысаны бекітілді.

Сауалнамада мынадай сұрақтар бар:

  • Бұл несиені рәсімдеуді сізге кім ұсынды?
  • Банкке өз бетіңізше жүгіндіңіз бе, әлде басқа адамдардың (қауіпсіздік қызметі, құқық қорғау органдары өкілдерінің, белгісіз тұлғалардың және басқалардың) өтініші бойынша жүгіндіңіз бе?
  • Несиені қандай мақсатта рәсімдеп жатырсыз?
  • Несие шарттарымен (сомасы, мерзімі, пайыздық мөлшерлемесі, өтеу кестесі) таныстыңыз ба?
  • Біреу сізге қысым көрсетіп немесе несиені тезірек рәсімдеуге асықтырып жатқан жоқ па?
  • Біреу несиені рәсімдегеніңізді банк қызметкерлерінен немесе жақындарыңыздан жасыруға кеңес берді ме?
  • Бұған дейін сізге "ақшаңызды қорғау" немесе "шотыңыздағы операцияларды тексеру" туралы ұсыныспен қоңырау шалғандар болды ма?

Бұған дейін қазақстандықтарға алаяқтардың жаңа айла-тәсілдері туралы ескертілген еді.