1 шілдеден бастап кімдер міндетті зейнетақы жарналарын төлей бастайды

0
756

Бұған дейін азаматтардың белгілі бір санаты МЗЖ-ны ерікті түрле төлеп келді.


1 шілдеден бастап кімдер міндетті зейнетақы жарналарын төлей бастайды

ERNUR.KZ. Биылғы 1 шілдеден елімізде Әлеуметтік кодекс өз күшіне енуіне орай міндетті зейнетақы жарнасын төлейтіндерге қатысты тәртіп те өзгермек, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Міндетті зейнетақы жарналары – жұмыс беруші БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотына төлейтін ақшалай мәндегі еңбекақы мен өзге де кірістердің барлық түрінің 10% бөлігі. Бұл ереже еңбек шарты бойынша да, заңды тұлғамен жасалған азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша да қызметкерлерге қолданылады.

2023 жылғы 1 шілдеге дейін азаматтардың мына санаттары БЖЗҚ-ға МЗЖ төлеуге құқылы, бірақ міндетті емес болып келді:

  • салық агенттері саналмайтын жеке тұлғалармен жасалған, нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын жеке тұлғалар;
  • Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, Қазақстан Республикасындағы халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінде, Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінде және консулдық мекемелерінде жұмыс істейтін жеке тұлғалар.

2023 жылғы 1 шілдеден бастап жоғарыда аталған барлық тұлғалар БЖЗҚ-ға МЗЖ төлеуге міндетті болады.

МЗЖ төлеу екінші деңгейдегі банктер арқылы қолма-қол ақшамен не қолма-қол ақшасыз тәсілмен Мемлекеттік корпорация арқылы жүзеге асырылады. Ол өз кезегінде оны пайдасына осы жарналар аударылатын жеке тұлғалардың бірыңғай тізіміне сәйкес БЖЗҚ-ға аударады.

Бұл шара халықты болашақта лайықты төлемдермен қамтамасыз етуді көздейтін жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамту аясын ұлғайтуға ықпал етеді.