10 секундта 5 рет боқтайтын сериалды 57 млн адам көрген

0
1 523

Қазақтілді қоғам, әсіресе жастар осындай сөйлемдерге құрылған дүниені сүйіп көреді дейді.


10 секундта 5 рет боқтайтын сериалды 57 млн адам көрген

ERNUR.KZ. Иә, бұл күні қазақтілді аудитория интернеттен не көріп жүр? Сандар мен статистикаға мән берсек, арзан әзіл мен боқауыз сөзге құрылған вайндар, сериалдар көпшіліктің сұранысында. Цензурасы жоқ елде тұрамыз. Бірақ, сөз бостандығына еркіндік бар екен деп, ауызекі былапыт сөзді жұрт алдына шығаруға болады деп есептейтін азаматтар, одан қалды тұтас орталықтар бар көрінеді. Оларды кім бақылап, қадағалайды? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.


«Еее, сен ана қабақ Сәулемен сүйісіп жүрсің бе? Қуасың когда ішесің!».


Бұл қазақтілді көрерменді көп жинаған контенттің бірі. Айналдырған 10 секундттың ішінде 5 рет боқтайтын кейіпкерлері бар сериал халықтың көңілінен шыққанға ұқсайды.

Жобаның авторларын әңгімеге тарттық. Жетекшісі туындыны 57 миллион адам көріп, 2 миллион лайк басқанын мақтанышпен жеткізді. Сериалдың «шұрайлы» тіліне қатысты келер болсақ, сценнарийі жалпақ жұрттың сөз саптауына ыңғайланып жазылған, дейді.


«Біз аудитория қандай тілде сөйлесе соған бейімделе отырып материал ұсынамыз. Көп адамдар ақпарат құралдарын қоғамға теріс әсер етеді деп кінәләйді. Қоғам қараңғы болып бара жатыр дейді. Тәрбие отбасында беріледі. Егер балалары боқауыз болып өссе онда ата-ананың өзі кінәлі. Біз қоғамның айнасымыз. Қазір Абайдың тілімен жазсаң ешкім көрмейді. Сондықтан біз бұқараның өз тілінде сөйлейміз», - дейді әлеуметтік желідегі жобаларға негізделген орталықтың директоры Александр Аксютиц.


Қазақтілді қоғам, әсіресе жастар осындай сөйлемдерге құрылған дүниені сүйіп көреді дейді. Цифр қолдарында. Жақсы. Бірақ, көшедегі жалпақ жұрт бір бірімен сөйлескенде аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатқанын күнде көре бермейсің. Қоғам белсендісі Тұрар Саттарқызы ұлттық құндылықтар әлсіреп, идеологияға бейжай қараудың соңы осыған әкеледі деген пікірде. Ұлттың түпсанасын сақтап қалу үшін отбасы тәрибесіне негізделген министрлік құрылуы тиіс екен.


«Ұлттық құндылықтарға негізделген болуы керек. Ұлттық тәрбие беретін. Осындай біздің ұрпағымыздың азғындалуының алдын алатын. Соған басшылық жасап, соған тәрбие беретін мекеме болуы керек. Егер қазір мұны қолға алмасақ, мұның арты 5-10 жылда біз ұрпағымыздан айырылып қаламыз, - дейді қоғам белсендісі, «қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тұрар Саттарқызы,


Осы сарындағы материалдарды көпшілікке ашық ұсынылуына қатысты сенатор Мұрат Бахтиярұлының пікірін білдік. Парламент өкілі егер мұндай жобаларды тексерсе, бәлкім әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін айтты.


«Бұлардың бәрі әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне кіреді екен. Ол енді өте жеңіл жазалар. Айыппұлдармен кетеді, тағы басқалармен кетеді. Бұдан шығаруымыз керек. Құқықтық қылмыстық бұзушылық кодексіне енгізуіміз керек. Ол 7 миллион жастардың миын улады деген сөз. Солай емес пе? Бұл мәдениетсіздік. Көріп отырған адамдардың балалары одан сайын мәдениетсіз болады», - дейді депутат Мұрат Бахтиярұлы.


Күн санап қазақтілді аудиторияға арналып түрлі материалдар түсірілуде. Оларды бақылап, қадағайтын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі болар деп, сауалды осы орган өкілдеріне қойдық.


«Заң тұрғысынан интернетте ғаламторда қандай да бір реттеу жұмыстарын айту қиын. Өйткені заң тұрғысынан біз азаматтарға сіз эфирде, интернетте осылай сөйлеңіз, интернетте былай жазыңыз десең бірден сіздер білесіздер цензураға баланады. Бірақ моральдық тұрғыдан біз осындай жобаларды бейәдеп, бейпіл сөздерден алыстау болғанға шақырамыз», - дейді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ресми өкілі Максим Рожин.


Шақырғанға көне қойса қанеки? Яғни, министрлік тек ескерту айтумен шектеледі. Себебі, қолданыстағы заң тыйым салуға рұқсат бермейді. Сондықтан мұндай жобаларға ешкім де тыйым сала алмайды. Таңдау тек көрерменде.