Қызылорда облысының полиция департаменті жасөспірімнің өліміне қатысты тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
Фото: threads.com/@kairatkyzy_nurraiym
ERNUR.KZ. Қызылордада кәмелетке толмаған жасөспірімнің өліміне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Марқұмның туысының айтуынша, қайғылы оқиғаға 1000 теңгеге байланысты туындаған жанжал себеп болуы мүмкін, деп жазады Stan.kz.
Туыстарының мәліметінше, қайғылы оқиға 2026 жылғы 21 қазанда Қызылорданың орталық алаңында болған. Бұл туралы марқұмның әпкесі Threads әлеуметтік желісінде жазды.
Оның айтуынша, жасөспірім мен 13 жастағы танысының арасында жанжал туындаған. Дауға 1000 теңге себеп болуы мүмкін. Жанжал кезінде қатысушылардың бірі жасөспірімнің кеуде тұсына бұрауыш сұғып алған. Алған жарақаты салдарынан ол оқиға орнында көз жұмған.
“Қызылорда қаласында 2026 жылдың 21 қазанында болған қайғылы оқиға біздің отбасымызды орны толмас қасіретке душар етті. Менің інімді өз анасының көз алдында жүрек тұсынан пышақтап, өмірін қиды. Інім ауруханаға жетпей, сол жерде көз жұмды”, – деп жазды марқұмның туысы.
Сонымен қатар марқұмның әпкесі бұл оқиғаға бірнеше адамның қатысы болуы мүмкін екенін айтады.
“Осы іске қатысы бар жасөспірімнің жасы небәрі 13-те. Қазіргі уақытта ол қамауда отыр. Алайда оның көп ұзамай бостандыққа шығуы мүмкін деген ақпарат бізді қатты алаңдатады. Бұл оқиғаға бірнеше адамның қатысы болуы мүмкін. Сондықтан істің барлық мән-жайы толық зерттеліп, қатысы бар әрбір адамның әрекетіне заң аясында әділ баға берілуін талап етеміз”, – деп жазды ол.
Айта кетейік, жанжалдың нақты себебі мен оқиғаның мән-жайы әлі ресми түрде расталған жоқ.
Қызылорда облысының полиция департаменті жасөспірімнің өліміне қатысты тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
Аталған дерек бойынша “абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Полицияның мәліметінше, кәмелетке толмаған күдікті облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған.
Сонымен қатар тергеу аясында “кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау” дерегі бойынша тағы бір қылмыстық іс тіркелген. Полиция бұл іс кімге қатысты қозғалғанын нақтыламады.
Қызылорда облысының полиция департаменті жасөспірімнің өліміне қатысты тергеуді ерекше бақылауға алғанын мәлімдеді.
Қазір құқық қорғау органдары жанжалдың себептерін, оқиғаның қалай өрбігенін және жасөспірімнің өліміне әкеп соққан мән-жайларды анықтап жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты әзірге өзге ақпарат жарияланған жоқ.


