130 млн теңге атыраулық масалардың «жұмырығына жұқ болмады»

0
852

Атыраудың масасы тағы мазаны қашырды. Биыл онымен күреске 65 млн теңге бөлінді.


130 млн теңге атыраулық масалардың «жұмырығына жұқ болмады»

ERNUR.KZ. Атырауда жылдағыдай маса мәселесі басталды. Зиянкес жәндіктерге қарсы күрес сәуір айында қолға алынып, қазірге дейін 1188 көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесі мен кіреберісіне дәрілеу жұмыстары жүргізілген, деп жазады inbusiness.kz.

Мұның ішінде, ПИК қызмет етпейтін үйлерге дезинсекция жұмыстары сенбі-жексенбі күндері жүргізіледі. Ал ПИК қызмет ететін тұрғын үйлерге улау жұмыстары айына бір рет жасалады. Тағы бір жаңалық, мамандар әлеуметтік желілерде арнайы чат ашып, онда тұрғындарды жұмыс барысын өз көздерімен көріп, бақылауға шақырады.

Қала халқының жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесіне сенбейтіндей жөні де бар. Себебі, бұған дейін мұнайлы астанада маза мазаңды алмайтын мамыражай жаз болып көрген емес. Соған қарамастан, бұл жәндікке қарсы жыл сайын қомақты қаражат бөлініп отырады. 2019 жылы масамен күреске 130 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген, бұл – бюджеттен бұрын-соңды осы мақсатқа арнап берілген рекордтық сома болатын. Алайда, қансорғыштар осы жазда ызыңдап тағы пайда болды. Биыл су тоғандарындағы, жертөле, көшелердегі масаны улау жұмыстарына қала бюджетінен 65 млн теңге бөлінді.

«Қаладағы дезинсекциялық жұмыстарға алты бригада жұмылдырылған. Белгіленген бригадалар көп қабатты үйлердің жертөле кіреберістерінде зиянкестермен күреседі. Екі бригада күндіз, қалған төрт бригада кешкі сегізден түнгі сағат екіге дейін қала көшелерінде, ашық су қоймаларында, саябақтарда, мәдениет және демалыс орындарында, сондай- ақ, қала маңындағы ауылдық округтерде тазалау жұмыстарын жүргізеді»,– дейді этномолог маман Айнагүл Дәулетьярова.

Қала билігі масадан мезі болған жұртшылықтың жұмысты бақылауына, қандай да бір наразылығын білдіруіне жағдай жасап, арнайы чат-каналдар да ашып, айтылған сын-ескертулерге құлақ асып отыр. Өкінішке қарай, одан шыққан нәтиже көрінбейді, Атыраудың масасы бейне бір мазақ қылғандай даланы әлі буып тұр.