16 мыңнан аса қазақстандық тұрғын үй кезегінен шығарылды

0
81

​Сурет нейрожелі көмегімен жасалған.


16 мыңнан аса қазақстандық тұрғын үй кезегінен шығарылды

фото: tengrinews.kz.

ERNUR.KZ. Түгендеу жұмыстары нәтижесінде 16 537 қазақстандық тұрғын үй кезегінен шығарылды. Бұл туралы Отбасы банк хабарлады, деп жазады tengrinews.kz.

2025 жылғы 24 мамырдан бастап Отбасы банк ұлттық даму институты мәртебесіне ие болды. Содан бері ол тұрғын үй кезегін орталықтандырылған түрде жүргізіп келеді. Бұрын кезекке қоюды әкімдіктер жүзеге асыратын. Оларда жетім балалардан бастап әскери қызметшілерге дейінгі кезекте тұрғандардың санаттары бойынша бірнеше бөлек тізім болған.

Отбасы банкі бытыраңқы тізімдерді "Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы" бірыңғай ақпараттық жүйесіне біріктірді. Бұл келесідей мүмкіндіктер берді:

  • деректердегі қайталанулар мен дәлсіздіктерді жою;
  • тұрғын үйдің бар-жоғын автоматты түрде тексеру;
  • адами факторды және кезекті қолмен басқаруды барынша азайту.

Түгендеу нәтижелері қандай?

Кезекте тұрғандардың тізімі Отбасы банкіне берілгеннен кейін кезекті түгендеу басталды - бұл кезектегілер туралы мәліметтерді тексеру және нақтылау процедурасы. Ол азаматтың өзекті мәртебесін, отбасы құрамын, санатын, меншігінде үйінің бар-жоғын көрсетеді. Бүгінде тұрғын үй кезегінде тұрған 408 565 адам түгендеуден өтті, тағы 49 011 адамның деректері тексеріліп жатыр.

"Есепке алу жағдайлары толық анықталғанға дейін 74 005 азаматтың кезегі уақытша тоқтатылды, сонымен қатар 16 537 азамат тұрғын үй кезегінен шығарылды. Тағы 75 456 адамды есепке қоюдан бас тартылды", - делінген таратылған хабарламада.

Сондай-ақ банк бас тартудың ең жиі кездесетін себептерін атады:

  • кезекте тұрған адамның немесе оның отбасы мүшелерінің меншігінде жылжымайтын мүліктің болуы;
  • отбасы мүшелерінің бірінің тұрғын үй кезегінде тұруы.

Кезекке қалай тұруға болады?

Отбасы банк мәліметінше, соңғы бес жыл ішінде меншігінде баспанасы болмаған барлық кәмелетке толған қазақстандық, сондай-ақ жалғыз баспанасы апатты деп танылғандар кезекке тұра алады. Мұны orken.otbasybank.kz порталында жасауға болады.

"Бүгінде кезек басқарылатын және болжамды режимге көшті", - деп мәлімдеді Отбасы банк.

Банктің ақпараты бойынша, қазіргі уақытта 968 640 қазақстандық тұрғын үй кезегінде тұр. Тұрғын үйді бөлу екі негізгі критерий - кезекке тұру күні және азаматтар санаттарының басымдылығы бойынша жүзеге асырылады. Кезекте тұрғандардың шамамен 30 пайызы немесе 306 632 адам тұрғын үй алуға бірінші кезектегі құқыққа ие.