2021 жылы бюджеттік жоспарлау қағазсыз жүргізіледі

0
1 277

Бұл өз кезегінде инвестициялық жобаларды келісу мен жоспарлауды, жобалық құжатнаманы қарастыруды барынша ыңғайлы етуге жол ашады.


2021 жылы бюджеттік жоспарлау қағазсыз жүргізіледі

ERNUR.KZ. 2021 жылы бюджеттік жоспарлау толықтай қағазсыз тәртіпте атқарылады. Бұл туралы Парламент Сенатындағы дөңгелек үстел отырысында ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Бюджеттік инвестициялық жобаларды «Мемсараптама» РМК-мен интеграциялау жоспарланып отыр. Жобалау-сметалық құжатнама – ол көп томдық күрделі қаржылық-техникалық құжат және оған қаржы бөлек бөлінеді. Кейіннен бекітілген соң, бюджеттік өтінімді келісу кезінде барлығы сканерден өткізіліп, өтінімге қоса беріледі. Осы орайда қажетті ақпаратты тез табу қиынға түседі. Біздің жоспарымызда бұл құжатты толықтай құрылымдау ескерілген, яғни жобалау-сметалық құжатнаманың электронды төлқұжатын жасау қарастырылған. Бұл өз кезегінде инвестициялық жобаларды келісу мен жоспарлауды, жобалық құжатнаманы қарастыруды барынша ыңғайлы етуге жол ашады», - деді Еңсебаев.

Оның сөзіне қарағанда, бұрындары жобалау-сметалық құжатнаманы электронды форматқа ауыстыру қызметімен «Мемсараптама» РМК айналысқан. Кейіннен бұл жұмыстар бәсекелестік ортаға беріліп, 25 мыңға тарта жобалау-сметалық құжатнама ешбір ақпараттық жүйеде тіркелмеген.

Сондықтан Қаржы министрлігі жеке компанияларға өздерінің құжаттарын бірыңғай ақпараттық жүйеде тіркеуді міндеттемек. Өйткені бұл жүйе бюджеттік жоспарлау процесімен өзара байланыстырылған.

Мұнымен қоса, вице-министр бюджеттік өтінімдерді Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйесінде тіркеуді автоматтандыру жоспарланып отырғандығын жеткізді. Сондай-ақ 2021 жылы бюджеттік жоспарлауды толықтай қағазсыз жүргізу ескерілген.