Қазақстан экономикасы 2021 жылды 8,5-8,7% инфляциямен аяқтайды.
ERNUR.KZ. ҚР Ұлттық банкі осындай болжам айтып отыр, деп жазады ҚазАқпарат.
«Баға өсімінің ағымдағы серпінін ескере отырып, Ұлттық Банк инфляцияның 2021 жылдың қорытындылары бойынша 8,5-8,7% шегінде қалыптасатынын күтуде. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар Инфляцияға қарсы ден қою шаралары кешенін одан әрі тиімді іске асырған кезде инфляция болжамды диапазонның төменгі шегіне жақын қалыптасады», - деп жазылған Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме туралы түсіндірмесінде.
Банк өкілдері азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтердің қысқа мерзімді инфляциясы жыл соңына дейін сақталатынын болжап отыр.
«Ақылы қызметтер құнының қалыпты өсуі болжанады. Ол тұрғын үй-коммуналдық қызметтер нарығындағы қазіргі бағаның сақталуына негізделетді. Сыртқы инфляциялық ортаның сақталуы, азық-түлікке жатпайтын нарықтардағы инфляциялық процестердің қарқын алуы, тұтыну белсенділігінің қалпына келуі, жоғары инфляциялық күтулер және тауарлар мен қызметтердің өзіндік құнының өсуі арқылы жанар-жағар май бағасы өсуінің жанама әсері бағаларға қатты қысым көрсетеді. Көмір бағасының ықтимал өсімі аясында электр энергиясы тарифтерінің бұдан былайғы өсу тәуекелі бар. 2022 жылғы бірінші тоқсанда инфляцияның ең жоғары шегі күтіледі. Содан кейін оның біртіндеп бәсеңдейтіні байқалады», -деп жазылған Ұлттық банк ақпаратында.
Дегенмен қаржы реттеушісі инфляцияға қарсы ден қою шаралары өз жемісін беріп, 2022 жылы инфляцияның деңгейі 6,0-6,5%-ға дейін біртіндеп баяулайтынын болжап отыр.
«Инфляцияның төмендеуін 2021 жылы қалыптасқан жоғары база ұстап тұрады. Сонымен бірге, тауарлар мен қызметтердің жекелеген нарықтарындағы теңгерімсіздікке, жаһандық және жергілікті жеткізілім тізбегінің топтап қалуына және жоғары инфляциялық күтулердің сақталуына байланысты проинфляциялық тәуекелдерді іске асыру 2022 жылғы инфляцияның болжамды мәнінен жоғары қалыптасуына алып келуі мүмкін.
Ұлттық Банк келесі шешімін инфляциялық күтулердің серпінін, инфляцияның орнықты құрамдас бөліктерін, сондай-ақ эпидемиологиялық ахуалдың сыртқы және ішкі сұранысқа әсерін ескере отырып қабылдайды. Күтулердің, инфляцияның және оның орнықты құрамдас бөліктерінің тұрақсыз баяулауы кезінде Ұлттық Банк монетарлық талаптарды барынша күшейтуді жалғастырады», - делінген Ұлттық банк мәліметінде.