​2026 жылдан бастап Қазақстанда зейнетақы жарналарын төлеу тәртібі өзгереді

0
113

Сонымен қатар жарналарды уақтылы төлеуді бақылау тетіктері күшейтілді.


​2026 жылдан бастап Қазақстанда зейнетақы жарналарын төлеу тәртібі өзгереді

Фото: gov.kz

ERNUR.KZ. Үкімет міндетті және кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу мен аударудың жаңа ережелерін бекітті. Қаулы 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді, деп жазады inform.kz.

Түзетулерге сәйкес, енді кәсіптік зейнетақы жарналары қызметкердің ай сайынғы табысының барлық түрінен, яғни Салық кодексінде көзделген кірістердің негізінде есептеледі. Дегенмен салық салудан босатылған төлемдер бұл есепке кірмейді.

– Өзгерістер өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға, жеке кәсіпкерлерге және интернет-платформа арқылы табыс табатын тұлғаларға да қатысты. Олар үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жарналарды есепті айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей аудару тәртібі мен мерзімі белгіленді, - делінген құжатта.
Сонымен қатар жарналарды уақтылы төлеуді бақылау тетіктері күшейтілді. Егер міндетті немесе кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешек 6 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асып кетсе, мемлекеттік кірістер органдары 5 жұмыс күні ішінде қарыз туралы хабарлама жібереді.
Қарыз өтелмеген жағдайда, хабарлама тапсырылғаннан кейінгі 10 жұмыс күні ішінде борышкердің шоттары мен кассалық операциялары бойынша шығыс операциялары уақытша тоқтатылуы мүмкін.
Сондай-ақ зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбегін пайдаланатын жұмыс берушілер бұрынғыдай өз қаражаты есебінен кәсіптік зейнетақы жарналарын ай сайын аударуға міндетті болып қала береді.
Бұған дейін зейнетақы жинағын ипотеканың негізгі қарызын жабу үшін пайдалануға болатынын жазғанбыз.