​2026 жылдан мүгедектігі бар жандарға жәрдемақы 10 пайызға өседі

0
95

Қазіргі уақытта Қазақстанда 750 мыңнан астам адамның мүгедектігі бар.


​2026 жылдан мүгедектігі бар жандарға жәрдемақы 10 пайызға өседі

Фото: Еңбекмині

ERNUR.KZ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғауға қатысты жұмыстарға түсінік берді, деп жазады inform.kz.

- 2025 жылдан бастап мүгедектікті дәстүрлі әлеуметтік және медициналық модельдерден әлеуметтік-құқық қорғау моделіне көшуін көздейтін Қазақстан Республикасында инклюзивті саясат тұжырымдамасы іске асырылып отыр. Жаңа модельді енгізу жұмыспен қамту және әлеуметтік қызметтер сапасын арттыруға, экономикалық дербестік деңгейіне қол жеткізуге ықпал етеді. Тұжырымдаманың 13 бағыты бойынша мемлекеттік органдар әкімдіктермен бірлесіп 52 іс-шара іске асырады, - деді В. Шегай Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда 750 мыңнан астам адамның мүгедектігі бар. Соның арасында 18 жастан асқан ересектер саны 630 мыңнан астам немесе 84 пайызы, ал мүгедектігі бар балалардың саны – 120 мың.
- Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар - ел азаматтарының конституциялық кепілдіктерінің бірі. Олар еңбек өтілі мен жұмысының болуына қарамастан төленеді. Жәрдемақы мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне байланысты. Жыл сайын инфляция деңгейін ескере отырып, оларды индекстеу жүргізіледі. Мәселен, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап олардың мөлшері 10 пайызға өседі, - деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша жәрдемақыларды 543,1 мың адам алды. Жыл басынан төлемдерге 467,2 млрд теңге бағытталды.
Министрлік ақпаратына қарағанда, жәрдемақы мөлшері 2025 жылы 55 мың теңгеден 102 мың теңге аралығында. Жәрдемақының орташа мөлшері - 78 822 теңге.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жыл басынан бері мүгедектік тобын белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде Қазақстанның барлық өңірлерінен 99,6 мың өтінім қаралды.