"2,5 млн теңге төлейді": Астанада сүйіктісін тоқтатқысы келген шетелдік қылмысқа барды

0
1 112

36 жастағы шетелдік азамат "Астана – Санкт-Петербург" бағытындағы әуе рейсінде терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін ұсталған.


ERNUR.KZ. Астанада терроризм актісі туралы жалған хабарлама берген шетел азаматына 2,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды, деп жазады sputnik.kz.

Бұл оқиға былтыр күзде болған. Ал соттың шешімі биыл қаңтар айының соңында шығарылды. 36 жастағы шетелдік азамат "Астана – Санкт-Петербург" бағытындағы әуе рейсінде терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін ұсталған болатын. Тергеу кезінде өз кінәсін толығымен мойындады. Осы әрекетке не үшін барғанын да айтты. Отбасылық жанжалдан кейін жұбайы Санкт-Петербургке ұшып кетпекші болған. Сол кезде ол сүйіктісін тоқтатамын деп, полицияға жалған ақпарат түсірген.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімімен оған 750 АЕК, яғни, 2 млн 587700 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
Полицейлердің айтуынша, мұндай қылмыстар, көбінесе, мас күйінде жасалады. Бірақ адамдар әлі күнге дейін ондай әрекет үшін жауапкершіліктің ауыр екенін біле бермейді.
Заң бойынша терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін 5 000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, я болмаса, сол мерзімге бас бостандығынан жазасы қарастырылған. Сонымен қатар, жалған террористер сот шешімі бойынша оқиға орнына жұмылдырылған жедел әрекет ету қызметтерінің барлық шығындарын толық көлемде өтейді.