Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан құрылған комиссия бүгін тексеру қорытындысын шығарды.
ERNUR.KZ. Ақтөбе облысында «Весенняя Аралчинская» шахтасындағы жарылыс салдарынан 4 кенші қаза тапқан болатын. Бүгін тексеру қорытындысы шығарылды, деп жазады ҚазАқпарат.
2020 жылдың 30 желтоқсаны күні сағат 21:21-де Хромтау ауданы Көктау кентінен 30 шақырым жерде орналасқан «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС-нің «Весенняя Аралчинская» шахтасында жарылыс жұмыстарын жүргізу кезінде төрт жұмысшы мерт болған еді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан құрылған комиссия бүгін тексеру қорытындысын шығарды.
«Жұмысшылар уланып, көз жұмған. Сауалнама және жұмыс берушінің техникалық құжаттамасы мен жиналған материалдарды саралай келе жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмағаны, еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау қағидаларының бұзылғаны анықталды. Яғни, 90 пайыз жұмыс берушінің, 10 пайызы жұмысшылардың кінәсі. Оған«Весенняя Аралчинская» кен орнының бас инженері Н.Сафин кінәлі. Ол жарылыс жұмыстары кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етпеген, желдеткіш жұмысын тоқтатқан. Шаң желдету қызметі учаскесінің бастығы А.Харрасов жарылыс жұмыстарынан соң жерастындағы ауа есептегіш құралығысының дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етпеген. Ал қаза тапқан жұмысшылар қауіпсіздік ережесін сақтамады. Тергеу қорытындысы полицияға берілді», - деді Ақтөбе облыстық еңбек инспециясы басқармасының басшысы Саламат Аманбаев.
Айта кетейік, Ақтөбе мыс компаниясы мерт болған жұмысшылардың отбасына 20 миллион теңге бөлді. Бұл – біржолғы көмек. Сонымен бірге барлығының баспана мәселесі шешіледі. Яғни, әр отбасына бір пәтер беріледі. Олар пәтерді аудан орталығынан немесе Ақтөбе қаласынан ала алады. Балалары 18 жасқа жеткенше әкелерінің еңбекақысын алып отырады. Ал аман қалған жұмысшыға денсаулығын қалпына келтіру үшін 5 миллион теңге біржолғы көмек берілді.