Инновациялық гранттарға өтiнiмдер 6 маусым мен 16 шiлде аралығында «Digital Baiterek» интернет-порталы арқылы электронды форматта қабылданады.
«Технологиялық даму жөнiндегi ұлттық агенттiк» АҚ мен Инвестициялар және даму министрлiгi 2018 жылғы инновациялық жобаларды гранттық қаржыландыру жұмысын бастады, деп хабарлайды Baq.kz.
Ұлттық агенттiк Басқарма төрағасының орынбасары Өмiржан Тәшiмовтың айтуынша, инновациялық гранттарға өтiнiмдер 6 маусым мен 16 шiлде аралығында «Digital Baiterek» интернет-порталы арқылы электронды форматта қабылданады. Грант негiзiнен алдыңғы қатарлы шетелдiк технологиялар, тәжiрибелер, бiлiмдер мен дағдыларды трансферттеу арқылы қолданыстағы өндiрiстердi дамытып, кәсiпорындардың технологиялық деңгейiн көтеруге бағытталған.
ОКҚ брифингi барысында ИДМ инновациялық экожүйенi дамыту басқармасының басшысы Аяужан Алхамова инновациялық грант жайлы баяндап бердi.
«Мемлекет басшысы осы жылғы Қазақстан халқына Жолдауында кәсiпорындарды технологиялық жаңғыртуға, технологиялардың трансфертiн ынталандыруға және жаңа технологияларды енгiзуге екпiн қойып отыр. Осы мақсатта кәсiпорындар мен индустриялды-инновациялық қызмет субъектiлерiне мемлекеттiк қолдау көрсетiледi. Бұл қолдау қаржылық және қаржылық емес болып бөлiнедi. Осы қаржылық құралдарының iшiндегi ең бастысы - инновациялық қызметпен айналысатын субъектiлерге олардың жобаларын iске асыруға гранттың берiлуi. Инновациялық грант пайызсыз, қайтарымсыз негiзде берiледi. Басты шарты - жобаны қоса қаржыландыру, яғни мемлекет жобаны iске асыру үшiн кететiн шығындардың бiр бөлiгiн ғана өтейдi. Қалған бөлiгiн өтiнiм берушi өз қаражаты есебiнен қаржыландырады», - деп түсiндiрдi Алмахова.
Оның айтуынша, инновациялық грант берудiң 16 басым бағыты айқындалған. Олардың iшiнде елiмiзде қазiргi таңда жүзеге асырылып жатқан мемлекеттiк бағдарламаларда айқындалған салалар бар. Өтiнiм берушiлерге қойылатын талаптар мен шарттар бiрдей.
«Инновациялық гранттардың түрiне байланысты мемлекеттiк қоса қаржыландырудың шектi лимитi әртүрлi. Ол 50 пайыздан 85 пайызға дейiн, ал гранттың сомалары 200 миллион теңгеден 500 миллион теңгеге дейiн жетедi. 2017 жылдан бастап өтiнiмдер электронды түрде қабылданатын болды. Өтiнiмдердi онлайн режимде қабылдау өтiнiм берушiлерге өте қолайлы болып келедi. Себебi, аудандарда тұратын азаматтарға Астанаға келiп, қағаз түрiнде құжаттарды тапсырудың қажетi жоқ. Басты оператор - Технологиялық даму жөнiндегi ұлттық агенттiк. Агенттiк өтiнiмдердi қабылдаудан бастап, оны қарастыру, сараптамадан өткiзу және де грант алушымен шарт жасасу үрдiстерiнiң барлығын жүргiзедi», - дедi Аяужан Алмахова.