Құзырлы органдар 17 базарды тексеріп, 700 келіге жуық пиротехникалық өнімдерді тәркіледі.
Фото: Pixabay.com
ERNUR.KZ. Мереке күндері рұқсат етілмеген жерлерде отшашу мен петарда атқандарға 74 мыңға жуық айыппұл арқалайды. Құтқарушылар мен полицейлер петардаларды пайдалану қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін ескертті, деп жазады stan.kz.
Мерекеде, әрине, отшашу болады. Сондықтан Төтенше жағдайлар департаменті мен полиция қызметкерлері базарларды тексеріп жатыр.
“Пиротехникалық бұйымдар ғимараттар мен құрылыстардан 50 метрден жақын емес қашықтықта атылуы тиіс. Көбінесе отшашу, петардалар атылмай қалады, сол кезде адам жанына барып, “неге?”, “қалай?” деп қарай бастайды. Сол кезде ол атылып, нәтижесінде жарақат пайда болады”, – деді Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Константин Канин.
Құзырлы органдар 17 базарды тексеріп, 700 келіге жуық пиротехникалық өнімдерді тәркіледі.
“Пиротехникалық бұйымдардың заңсыз айналымына қатысты қазір 196-бап бойынша 46 әкімшілік іс қозғалды. Бұл рейдтік іс-шаралар дәстүрлі түрде жыл сайын Жаңа жыл мерекелері қарсаңында өткізіледі. Жалпы, жасөспірімдер мен балаларға пиротехникалық бұйымдарды сатуға қатаң тыйым салынады”, – деп мәлімдеді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Жаңа жыл түні апатпен аяқталмауы үшін петардаларды күмәнді сауда нүктелерінен емес, сенімді дүкендерден сатып алу керек. Петардалар мен отшашуларды сатып алғанда, өнімнің сертификатына, қаптамасына да назар аудару керек. Ең бастысы - жарамдылық мерзімі.
Әзім Мәсімов 10 жылдан астам пиротехникалық заттарды сатумен айналысады. Кәсіпкерді ең алдымен өнімді сақтау әдісі толғандырады. Сонымен қатар оның барлық клиенті отшашу мен петарданы қауіпсіз пайдалану бойынша міндетті жаттығулардан өтеді.
“Сақтау нормасы сақталып, жабық үй-жайлар, күн сәулесі түспейтін, ылғал емес жерде болуы керек. Біз әрбір клиентке оны қалай дұрыс пайдалану керегін толық нұсқаймыз. Оны нақты кім қосатынын нақтылап, толық нұсқаулар береміз. Ол қандай қашықтықта жану керегін және осы отшашуды іске қосқан кезде адамдар қандай қашықтықта болуы керек екенін көрсетеміз”, – деді кәсіпкер Әзім Мәсімов.
Дәрігер Жаңа жылдан кейін көбінесе адамдар осы петардадан жарақат алып, күйіп қалатынын айтады.
“Петардадан аралас жарақаттар пайда болады. Жарақаттар күйікке байланысты. Кейде травматикалық та болады. Негізінен қолдары, беті және көзі зардап шегеді. Өйткені жарылыс толқыны негізінен бет пен кеуде деңгейінде жарылады”, – деді балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының травматологы Әділжан Нұров.
Алматыда желтоқсан айында 16 адам пиротехникалық заттардан зардап шеккен, оның 11-і балалар.