Іс-шара барысында өзге де белсенді жастар, жас ғалымдар АЭС құрылысын қолдайтындарын жеткізіп, өз ойларын ортаға салды.
ERNUR.KZ. «Жастар Рухы» республикалық жастар саяси лагерінде жастар қанаты Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Абзал Марат өңірді жылумен, тұщы сумен және электр энергиясымен қамтамасыз етіп келе жатқан Маңғыстау атом энергетика комбинаты 56 жылдан бері жүйелі жұмыс істеп тұрғанына назар аударды.
Оның айтуынша, бүкіл әлем, соның ішінде Қазақстан біртіндеп электромобильдерге көшуде, бұл да тұрақты энергия көзінің болуын талап етеді.
"Біз уранның үстінде отырмыз. Сөйте тұра оны өзімізге пайдаланғымыз келмейді. Түрлі қисынсыз пікір айтып, кері тартамыз. Біле білсеңіздер, АЭС салу қазіргі өмір сүріп жатқан үлкендерге емес, бізге, жастарға қажет. Әлем зымырап дамып барады. Осы орайда АЭС өндірген энергиясының үлесі басым АҚШ, Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея сияқты елдермен ғылыми, инновация, технология жағынан тәжірибе алмасқан жөн", – деді ол.
Оның айтуынша, 2030 жылға қарай әлем жанармаймен жүретін, экологияға едәуір зардабын тигізетін көліктерден бас тартады.
"Бүгіннің өзінде әлем электромобильдерге жаппай көшіп жатыр. Біздің елімізде де электромобильдер, гибридті көліктер күрт өсуде. Ал оларға тұрақты энергия көзі қажет. Өзімізде электр өндірісі болмаса, біз оларды қалай пайдаланбақпыз? Сол үшін бізге тұрақты энергия көзіне айналатын АЭС қажет. Мен өз басым осындай мега жобаны толық қолдаймын. Өйткені ол біздің болашағымыз", – деді Абзал Марат.
Іс-шара барысында өзге де белсенді жастар, жас ғалымдар АЭС құрылысын қолдайтындарын жеткізіп, өз ойларын ортаға салды.