Адам ұрып, ақша тапқан: Қостанайда «ерекше кәсіп» ашқан ер адам сотталды

0
142

Сот оны төрт жылға бас бостандығынан айырды.


Адам ұрып, ақша тапқан: Қостанайда «ерекше кәсіп» ашқан ер адам сотталды

Фото: pixabay.com

ERNUR.KZ. Қостанайда адамдарды ақша үшін ұрып-соғуды кәсіпке айналдырған ер адам сотталды. Ол Telegram арқылы тапсырыс қабылдап, қажет адамды қорқытып немесе ұрып беруге дайын болған. Сот оның бұл әрекетін қылмыс деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айырды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Сот мәліметінше, ер адам жекпе-жектен алған дағдыларын ақша табуға пайдалануды ұйғарған. Ол Telegram-ға адамға «күш көрсету» қызметін ұсынатыны туралы хабарландыру жариялаған. Тапсырыс беруші біреуді қорқытып немесе ұрып беруді сұраса, оның қызметі үшін 100-200 доллар, яғни шамамен 50-100 мың теңге ақы алған.

2026 жылдың наурыз айының соңында оған Telegram арқылы тағы бір тапсырыс түскен. Белгісіз адам Қостанай тұрғынынан К. есімді азаматты тауып, «жазалауды» сұраған. Ақшаға келіскен ер адам жәбірленушіні тауып, оған сыбайластарымен бірге шабуыл жасаған. Олар ер адамды қолдарымен және аяқтарымен басынан, денесінен бірнеше рет ұрып-соққан.

Осы әрекеті үшін оған ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы бойынша, яғни пайдакүнемдік мақсатта және жалдау арқылы азаптау бабы бойынша айып тағылды.

Сотта ер адам өз кінәсін толық мойындады. Ол өзін түрмеге жібермей, жеңілірек жаза тағайындауды сұраған. Ал жәбірленуші сотта айыпталушыға қоятын талабы жоқ екенін де айтқан.

Алайда сот қылмыстың мән-жайы мен ауырлығын ескеріп, оны бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Сөйтіп, ақша үшін адам ұрып жүрген Қостанай тұрғыны орташа қауіпсіздік мекемесінде төрт жыл жазасын өтейтін болды.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. Тараптар оған шағым түсіре алады.